«Нұр Отан» партиясының Еңбекшіқазақ аудандық филиалы «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасы аясында «Баланы мектепке даярлайық» акциясын ұйымдастырған болатын. Оған мәслихат депутаттары, іскер топ өкілдері белсене қатысты.
Нәтижесінде қаражатқа мұқтаж 112 балаға 1205000 теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұл, әрине, соншалық көп те емес. Бірақ балалар өздеріне дем беріп, маңдайынан сипайтын аялы алақандардың бар екенін сезінді. Осының өзі неге тұрады?! Мәселен, Шелек ауылындағы бастауыш партия ұйымының атқарған ісі ұшан-теңіз. Мұндағы «Құдайберген» шаруа қожалығы, округке қарасты полиция бөлімі, тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы, орталық аурухана, «Қазпошта» акционерлік қоғамы және Светлана Дадаева, Қайрат Әміров, Роза Абитова секілді кәсіпкерлер мәселенің мәнісін дұрыс түсініп, ортақ іске өз үлестерін қосты.
Тескенсу ауылындағы «Дауыталы» шаруа қожалығының басшысы Асқар Құралбаев әріптестеріне өнеге көрсетті. Ата-анасыз қалған балаларды қамқорлығына алды. Сол сияқты Қырбалтабай ауылындағы кәсіпкерлер – Гүлнар Сәрсенбаева, Тілепалды Оралбаев, Айсұлу Байжанова, Ұлжан Әбдірасылова, Мәриямхан Сқақовалар аталған акцияға қуана қатысты. Облыстық мәслихат депутаты Едіге Жарықбасов көпбалалы Анжелика Кимнің отбасына 150000 теңгені өз есебінен ұсынды. Сөйтіп, жоғарыда аталған 112 бала жаңа мектеп формаларымен, қажетті киім-кешектермен, қарындаш-дәптер, құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Олардың жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен бастайтыны анық. Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы алдағы уақыттарда осындай ізгі шараларды ұйымдастыруға мұрындық бола бермек.
Болат МӘЖИТ.
Еңбекшіқазақ ауданы.