Баламен бірге өсетін жинақ

Уақыты: 28.10.2017
Оқылды: 1305
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Балаларымыздың болашақта еліміздің немесе шетел колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алуы үшін қаражат жинауды мақсат еткен Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі сәтті дамып келеді. Бүгінгі таңда 17 мыңнан астам адам Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі бойынша салым иесі болып табылады. Бағдарлама 2013 жылдан бастап қолданысқа енгізілсе, 2015 жылы  656 салымшы, 2016 жылы  9505, 2017 жылы  13013 салымшы мемлекеттен сыйлықақыларын алды. Қазіргі уақытта 277 студент Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі бойынша жинақталған қаражат негізінде білім алуда.  
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің табыстылығы 21 пайызға дейін барады. Бұл жыл сайынғы 14 пайызға дейін мөлшеріндегі банк сыйақысы мен 5-7 пайыз мемлекет сыйлықақысынан тұрады. 7 пайыз түріндегі көтеріңкі сыйлықақы басымдылықты санатқа жатқызылған балалардың салымдарына есептеледі, олар: жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, көпбалалы және аз қамсыздандырылған отбасыларының жеткіншектері. 
Білім беру жинақтау жүйесі арқылы мемлекеттің қолдауымен оқуға шығындарды 30-70 пайызға дейін қысқартуға болады. Жинақтау жүйесі әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы балаларға қаржылық көмек көрсету бағытындағы қайырымдылық жобалардың шеңберінде қолданылуға қолайлы. Осы ретте білім беру жинақтау жүйесі аясында қайырымдылық жобаларды іске асырудың сәтті тәжірибесі бар:  
– 2014-2016 жылдары «Бөбек» жеке қоры білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін 7 769 балаға (жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған) атаулы қайырымдылық көмек көрсетіп, оны білім беру салымдарына аударды.  
– 2015 жылы «Нұр Отан» партиясының «Болашаққа үлес қосамыз!» науқаны шеңберінде әлеуметтік жағынан әлсіз санаттағы 2 077 бала осындай көмекпен қамтылды. 
– 2015 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Өзіңнен баста!» акциясы ҚР Парламенті депутаттық корпусының өкілдері, спорт және бизнес қауымының қайраткерлері тарапынан қолдау тапты.  
Күннен күнге халық арасында оқуға қаржы жинау ең дұрыс шешім екендігіне көз жеткізіп жатқан азаматтар қатары артуда. Бұл бала болашағының іргетасын алдын ала қалауға жақсы мүмкіндік. 
Уақыт өте әрбір қазақстандық азамат осы жөнінде ойланып, білім беру жинақтау салымын ашады деген үміттеміз.  

Алма ТОПАНТАЙҚЫЗЫ.