Жылу ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Уақыты: 28.11.2017
Оқылды: 1158
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыстық әкімдікте облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВТЫҢ төрағалығымен өткен бұл жолғы жиында биылғы жылыту маусымына дайындық барысы талқыланып, жанар-жағармай бағасының бүгінгі күндегі жағдайы сараланды.  Мәжіліске облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық деңгейдегі басқарма, департамент басшылары, мәслихат хатшылары, салаға жауапты тұлғалар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Лаззат Махатұлы алдымен күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселелермен таныстырып, баяндама жасау үшін сөзді облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әсет Қанағатовқа берді.  Әсет Серікұлы өңір бойынша жылыту маусымының қалай өткенін баяндап, алдағы міндеттерге шолу жасады. Онда мәлім болғандай, биылғы қысқа дайындық жұмыстары мен оны қалыпты өткізу үшін бюджеттен жеткілікті  қаражат бөлініп, мақсатты жұмыстарға жұмсалуда. Нәтижесінде жоспарланған іс-шаралар толығымен орындалып, жылыту маусымының қалыпты өтуіне жағдай жасалып, керекті қазандықтар дайындалып, жылу желілері жаңартылған. Сонымен бірге сумен жабдықтау жүйелері мен су кәріздері, электр желілері қайта жаңартудан өткен. Қысқы дайындық жұмысы жүргізілген бюджеттік сала нысандарының қатарында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік сала нысандары мен көпқабатты тұрғын үйлер бар. Сұйық отынмен жылытылатын бюджеттік сала нысандарында бірнеше қазандық ауыстырылып, автономды қазандықтар шығару бойынша жұмыстар жүргізілген.
Жиын барысында аталған салаға қатысты кемшіліктер де тізбектелді. Мәселен, сапасыз жылу энергиясының берілуі, білім беру нысандарында температуралық режімнің дұрыс сақталмауы сияқты мәселелер сынға алынып, берешек мәселелері сөз болды. Сонымен қатар,  білім беру, денсаулық сақтау нысандарын да қадағалау жұмысын жүйелі жүргізіп, оны бақылауда ұстау қажеттігі айтылды. Көмір бағасының шарықтамауына да ден қойылып, осыған байланысты тиісті міндеттемелер берілді. Бүгінгі таңдағы жанар-жағармай төңірегіндегі келеңсіздіктер де назардан тыс қалған жоқ. Десе де, жүйелі жұмыстар мен батыл орналастырудың нәтижесінде бұл бағыттағы қиындықтар да еңсеріліп, жұрт көңілінен шығатын жоспарлар атқарылуда.

 

 

Қажет АНДАС