ЖЕТІСТІКТЕР МОЛ, ЖОСПАР АУҚЫМДЫ

Уақыты: 04.12.2017
Оқылды: 1211
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен Панфилов, Райымбек, Ұйғыр аудандары әкімдерінің есебі тыңдалды. Онда аталған өңірлер әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша он ай ішінде атқарған жұмыстар сараланып, алдағы жылы жүзеге асырылатын іс-шаралар пысықталды. 

ПАНФИЛОВ АУДАНЫНЫҢ әкімі Бердәулет Абдулдаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабарлама жасап, қолға алып жатқан жобалар туралы айтып берді. Мәселен, ауданда биылғы 10 айда өнеркәсіп саласы 11,3 млрд. теңгеден астам өнім өндіріпті. Ауданда жүн өңдеу ісімен шұғылданып отырған «Ақсұңқар» ЖШС 351 тонна жүн өңдеп, іргесін кеңейте түскен. Десе де, сөз арасында облыс басшысы өңірде ұсақ мал басы көп болғанымен оның жүнін тазалап, өңдейтін кәсіпорындар тапшы екенін тілге тиек етіп, Алакөл секілді шалғай аудандарда жүн қабылдау пункттерін де ашып қойса, мал өсірушіге де, серіктестікке де тиімді болатынын атап өтті. Ағымдағы жылы  аталған ауданда жоспарланған екі өнеркәсіптік нысан іске қосылып, 61 жұмыс орны ашылған. Ауылшаруашылығында бүгінге дейін 29,8 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Егіс көлемі артып, асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың жұмысы жақсара түскен. Бүгінгі күні күзгі өнім жинау науқаны аяқталып, диқандар мол өнімнің қызығын көруде. Мал шаруашылығы саласында да өсім жақсы, мал қоңды, қысқы жемшөп қоры жоспардан асыра дайындалған. Биыл аудан шаруашылықтары 3,6 млрд. теңге мемлекеттің қолдауын алса, «Жаркент несие» серіктестігі арқылы 51 шаруа қожалығы 406,1 млн. теңге несие алған. Шағын кәсіпкерлікке жан бітіп, құрылыс саласына қан жүгірген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 47,5 млрд. теңгені құрап, қауырт жұмыстар атқарылып жатыр. Бюджетке түсетін түсім артып, баспанамен қамту мәселесі өткен жылдарға қарағанда жақсы нәтижелермен өрілуде. 
Әсіресе, сапалы ауызсумен қамту, жол жөндеу және басқа да әлеуметтік нысандарды жұрт игілігіне беруде Панфилов ауданы алда келеді.  Аудандағы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан сумен қамту жүйелерін жаңғырту және құрылыс жұмыстары көңіл қуантады. Бұл жұмыс Пенжім, Лесновка, Ақжазық, Алмалы ауылдарында жүргізілуде. Осы жобалардың аясында электр жүйелерінің құрылысы мен трансформаторлық подстанциясын орнату жұмыстары қатар жүріп жатыр.  «Алматы – Көкпек – Көктал – Қорғас» автожолындағы көпір мен «Алматы – Шонжы – Көктал – Қорғас» автожолын күрделі жөндеу жұмысы қарқын алған.  Жаркенттің басты көшесі – Жібек жолы даңғылында жарық шамдарын ауыстыру, жол маңын абаттандыру, билбордтарды жаңалау, жол жиегін ретке келтіруге баса назар аударылуда. Аудандағы бірқатар білім беретін мекемелер мен денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жасалуда. 
Алдағы атқарылған жоспарлар да аз емес. Сол қатарда білім мен денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын жаңғырту, ауылдарды ауызсумен қамту, ауылдық округтердің ғимаратын жаңалау, жол жөндеу сияқты жоспарлар жетерлік. Жиын барысында облыс басшылары тарапынан бірқатар сауалдар қойылып, ұсыныс айтылды. Жиынды қорытындылаған облыс басшысы Амандық Баталов:
– Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы стратегиялық маңызы бар өңірдің бірі – Панфилов ауданы. Осы ауданның аумағында Мемлекет басшысының бастамасымен теңдессіз жоба – «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы жүзеге асырылды. Оның ауданның дамуында жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанын атап өту керек. Маңызы айрықша «Құрғақ порт» та осы аудан аумағында бой көтерді. Сондықтан қазір бұл шекаралық аймақтың болашағы зор. Атқарылып жатқан жұмысқа көңілім толды. Дегенмен, тиісті сала жетекшілері мен аудан басшылары, ел арасына жиі шығып, халықпен етене жұмыс жасаңдар, қай жердегі қандай нысан жөндеуге мұқтаж, халықтың білгісі келген сұрақтары қандай, соның бәрін қадағалап, белсенді жұмыс істеңдер, – деді.
Райымбек ауданының да жетістігі көп. Биылғы он айда шекара шебіндегі өңір тұрғындары 17 млрд. 280 млн. теңгенің өнімін өндіріп, кіріс көлемін еселей түсті. Мал өсіруге шұрайлы жері мол ауданның ауылшаруашылық саласының өркендеуі де көңілге қонымды. Биыл сала бойынша 32 млрд. 82 млн. теңгенің өнімін өндірген райымбектіктер келесі жылы бұл көрсеткішті 40 млрд. теңгеге жеткіземіз деген жоспар қойып отыр. Ауданда егістік жер аса көп болмағанымен төрт түлікті мыңғыртуға жағдай мол. Биылғы жылы олар 779 шаруа қожалығын біріктірген 12 ауылшаруашылық кооперативін құрып, мал басын көбейтудің жоспарлы жолына ауыса бастады. Айта кетерлігі, аудандағы суармалы егістік алқаптарының деніне аралық каналдар арқылы су жеткізіледі. Кейде тозығы жеткен каналдардың сапасыздығынан осы тұрғыдан келеңсіз жағдайлар туындап қалып жатады. Сондықтан аралық каналдарды күрделі жөндеу жұмысы күн тәртібінен түспей келеді. Жиналыс барысында аудан әкімі осы каналдарға күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жөнінде ұсыныс айтып, керекті қаржы бөлуді облыс әкімінен сұрады. Егер аудан әкімінің ұсынысы қабылданып, каналдарға күрделі жөндеу жүргізілсе ол арқылы егістік алқабын ғана емес, жайылымдарды да суғаруға болады. Тіпті өз мақсатында пайдаланылмай жатқан жерлерді де керекке жаратудың жолы ашыла түсер еді. 
Расында Райымбек ауданы туралы айта бастасақ,  әңгімені мал шаруашылығы турасынан бастай жөнелетініміз бар. Алайда бүгінде аудандағы шағын және орта бизнестің өркендей түскенін назардан шығарып аламыз. Аудан әкімінің айтуынша, қазірде ауданда 5282 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл кәсіпкерлердің табысын еселей түссе, 4 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, салық түсімдері артқан. Білім, денсаулық, мәдениет, туризм, әлеуметтік саладағы жетістіктер ел еңсесін көтерді. Құрылыс саласындағы қарқынды істердің нәтижесінде аудан орталығы, ауылдар түрленіп келеді.  
Айта кетерлігі, Райымбек ауданын екіге бөлу туралы жұрт құлағдар. Жиналыста осыған қатысты жұмыстардың ұйымдастырылуы туралы да сөз болды. Облыс әкімі осы мақсатта бөлінген қаржы есебі мен атқарылған жұмыс барысын сұрастырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Қарадалалықтардың да қарқыны басым. Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурханов жиналыста өңірдегі өзгерістер мен өркениет желісін тізіп шықты. Оның айтуынша, ауданда ауыз толтырып айтар жаңалық көп. Әсіресе, кәсіпкерлік жағындағы жетістіктері басқаларға үлгі болатындай. Ыстық судың игілігін көріп отырған жұрт басқа салада да өзгеге үлгі болып келеді. Әсіресе, аудандағы жүн және тері өңдеу зауытының табысы жыл сайын еселеніп, өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын түзеуге сеп болуда. Сонымен қатар егін егіп, малын мыңғыртып, бақ өсіріп қалтасын қаржыға толтырып отырғандар да молынан табылады. Шағын және орта бизнес саласындағы жетістігі арқылы жерлестеріне жұмыс тауып беріп отырғандар да көп. Ірі шаруашылықтар мен іргелі кәсіпорындардың қатары да артып келеді. Ең бастысы, ауданның кіріс көлемін туризм саласы арттырып отыр. Өйткені ауданда жұрт қызығатын, шетелдіктер таңдана келетін табиғи туристік орындар жетерлік. Өкінішке қарай, көбінің жағдайы келушілерді қызықтыратын деңгейде емес. Инфрақұрылымы жүдеу. Аудан әкімі осы жұмыстарға басымдық беріп, алдағы уақытта Қарадала өңіріндегі туризмді түбегейлі өркендетуге қатысты жоспарларын айтып өтті.

 

Қажет АНДАС