БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ

Уақыты: 04.12.2017
Оқылды: 1892
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорған қаласында «Самила» балабақшасы ашылды. Екі қабатты ғимарат «Жигули» ЖШС демеушілігімен бой көтерген. Бұған дейін де бұл серіктестік «Балапан Сабрина» балабақшасын балалар игілігіне берген еді.

Сәні мен салтанаты келісіп, айналасына қуаныш нұрын сепкен балабақша 125 балаға лайықталған. Жаңа балабақшаның есігін толқи аттаған ата-ананың да, баланың да шаттығында шек жоқ.
Осындай қуанышты сәтті бөліскен Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев жұртшылыққа ізгі тілегін жеткізді. 
– Талдықорған қаласында 62 мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар. Оның 38-і жекеменшік балабақша. Биыл мемлекеттік тапсырыс негізінде 5 жекеменшік балабақша, 25 орынды қосымша бір топ ашу арқылы 3-6 жас аралығындағы балаларды бақшамен қамту көрсеткішін 95 пайызға жеткізіп отырмыз. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақша салуға атсалысып жатқан кәсіпкерлерге алғысым шексіз. Осында жас жеткіншектеріміз лайықты білім-тәрбие алады деген сенімдеміз, – деді. 
Сондай-ақ, шара барысында осы игілікті жұмысты іске асырған құрылтайшы Сергей Кудайгельдинов сөз алып, осы балабақшада тек балалардың күміс күлкісі ғана естіліп, ата-аналардың үміті ақталуына тілектестігін білдірді.
Тұрғындар атынан тілегін жеткізген Күлімхан Жұмажанова:
–  Қала шетінде осындай балабақшаның ашылуы – ата-аналар үшін үлкен қуаныш. Бүгінде екі немеремді қуана алып келіп отырмын. Олар заман талабына сай білім-тәрбие алуы тиіс. Ал бұл балабақшада ол үшін барлық жағдай жасалған, – деді. 
Келген қонақтар балабақша ішін аралап көрді. Әр бөлме балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жабдықталған. Бүлдіршіндерге тек тәрбие беріп қана қоймай, олардың спортпен, музыкамен айналысуына да баса назар аударылған. Бүгінде мұнда 37 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етіліп отыр. Мұның өзі тұрғындар үшін үлкен қуаныш. 
Елбасы күнімен қатар келген шаттыққа толы күнде балабақша тәрбиеленушілері ән айтып, тақпақ оқып, өнерлерін ортаға салды. Өз кезегінде қала әкімі Бағдат Қарасаев балабақшаға әкелген арнайы сыйлығын табыстап, балдырғандарға ойыншықтар тарту етті.

 

Алма ЕСЕНБАЕВА