ШАЛҚАР АУЫЛЫНДАҒЫ ШАТТЫҚ

Уақыты: 04.12.2017
Оқылды: 2198
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Шалқар ауылының тұрғындары мен ұстаздар қауымы тағы бір қуанышқа кенелді. Осы күні мұндағы жаңадан бой көтерген мектеп салтанатты жағдайда пайдалануға берілген еді. Шалқарлықтардың шаттығына облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов пен Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев ортақтасты.

Мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды көптен күткен қуаныштарымен құттықтаған Жеңіс Шылбынұлы аталмыш білім шаңырағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында дүниеге келгенін атап өтті. Жалпы, биыл өлкемізде 44 мектеп бой көтерген болса, оның 31-і осы бағдарлама бойынша, қалғаны облыс бюджетінен бөлінген қаржыға салынған. Жаңа мектептердің оңтайлы жиһаздармен, заманауи құрылғылармен жабдықталғанын да айта кету керек.
 Дәстүр бойынша құрылысты жүргізген «Concept business» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Серік Дәулетов мектеп директоры Тазагүл Қасымбековаға жаңа ғимараттың кілтін салтанатты түрде табыс етіп, тәуелсіз еліміздің лайықты ұл-қыздарын тәрбиелеп шығаруға тілектестігін білдірді. Ауылдың қадірменді қариясы Нәби Әбдіқайықов жиналған жұртшылыққа ақ батасын арнап, Талдықорғаннан келген қонақпен бірге ашылу лентасын кесті.
 Үш гектар аумаққа орналасқан мектеп ғимараты тоғыз блоктан тұрады. Атап айтқанда, жоғары сынып оқушылары үш қабатты үйде оқитын болса, бастауыш сынып үшін екі қабатты ғимарат бой көтерген. Білім шаңырағында 37 сынып бөлмелері, соның ішінде алты мультимедиалық, төрт информатика кабинеті, әртүрлі жастағы оқушыларға арналған екі спортзал, 160 орынды жиынжай және 130 орынды асхана орналасқан. Пәндік сабақтарға арналған бөлмелер талапқа сай жабдықталып, тәжірибе жүргізуге барынша жағдай жасалған. 
 Жаңадан ашылған мектеп 600 оқушыға арналып салынғанымен, мұнда қазірдің өзінде 620 бала білім алатын болады. Оларға біліктілігі жоғары 60 мұғалім білім мен тәрбие беруде. Осылайша Шалқар ауылындағы үш ауысымды мектеп мәселесі шешімін тауып, ұстаздар мен оқушылар жаңа да зәулім ғимаратта оқуын жалғастыруда. 

Қуат Қайранбаев,

Қарасай ауданы.