ҚОС ҚУАНЫШ

Уақыты: 04.12.2017
Оқылды: 1436
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қарғалы және Мыңбаев ауылдарының тұрғындары Тұңғыш Президент күні қарсаңында айтулы игілікке қол жеткізді. Жаңа білім ордасы мен еңселі Мәдениет үйінің дәл осы мерекеге орайлас ашылуы оларға тамаша тарту болды. Ауыл тұрғындарының қуанышына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ортақтасты.

Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасына орай салынған №4 Қарғалы орта мектебінің ресми ашылуындағы құттықтау сөзінде Жақсылық Мұқашұлы биыл Жетісу өңірінде барлығы 44 мектептің пайдалануға берілгенін, оның ішінде Жамбыл ауданында 5 білім ошағы салынғанын тілге тиек етті. Елбасының алға қойған мақсаттарының бірі бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіру екенін, соған сай ендігі кезекте жаңа мектепте білім сапасын жан-жақты арттыру керектігін қадап ескертті. Бұл орайда ұстаздар қауымына жүктелетін міндеттің ауқымдылығына тоқталды.
Қуанышты сәтте аудан әкімі Жандарбек Далабаев ұстаздар мен шәкірттерді және жалпы қарғалылықтарды құттықтап, биыл мектептердің құрылысы үшін барлығы 3,5 млрд. теңге бөлінгенін, мемлекет тарапынан әлеуметтік саланың материалдық базасын жақсартуға мұндай ірі көлемдегі қаржының тартылуы бұрын-соңды болмағанын атап айтты. Жаңа мектепте қызмет етіп, білім алу үлкен абырой, әрі өте жауапты міндет жүктейтінін еске салып, мұғалімдер мен оқушыларға жаңа табыстар тіледі.
Бүгінгі заман талабына сай бой көтерген сәулетті ғимараттың құрылысына       1 млрд. 611 млн. теңге, материалдық базасын жабдықтауға 9 млн. 950 мың теңге жұмсалыпты. Құрылыс жұмыстарын жүргізген бас мердігер «Мирас» ЖШС. Осы құрылыс ұйымының бас директоры Келіс Кангибаев салтанатты жағдайда мектеп директоры Людмила Менисоваға ғимараттың нышан кілтін тапсырды. Ата-аналар комитетінің төрайымы Света Рахымшайықова осындай сәулетті білім ұясын сапалы тиянақтап, жеткіншек ұрпақтың игілігіне ұсынған құрылысшыларға ризашылығын білдірді. Ардагер ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері, ауданның Құрметті азаматы Төлегетай Ақбауов көпшілікке бата берді.
Жақсылық Омар 600 орынды мектептің спортзалын, асханасын, пән кабинеттерін, шеберханасын аралап, оқыту барысымен танысты. Өз тарапынан ұстаздарға ұсынысын да айтты. 
Сол күні мәртебелі қонақтарды Мыңбаев ауылының тұрғындары қарсы алып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер рухына арналып жаңғыртылған ескерткіштің ашылу рәсімін өткізді. Шараға жиналғандар алдында еңбек ардагері, қадірменді қария Қыдырәлі Тоқтарбайұлы, аудандық мәслихат депутаты, Ұлы Отан соғысы ардагерінің ұрпағы Орынбасар Тортаев сөз сөйлеп, көпшілік майдангерлердің өшпес ерлігіне құрмет көрсетіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Одан кейін осы ауылда Мәдениет үйінің ашылуы болды. 
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай қабылданған маңызды бағдарламалардың бірі – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы. Осыған сәйкес жер-жерде мәдениет ошақтарын жаңғыртып, рухани құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтау ісіне барынша көңіл бөліне бастағаны белгілі. Мыңбаевтықтар алдындағы сөзін осыдан бастаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мәдениет саласын жаңғырту бағытында Жетісу өлкесінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар барысына жан-жақты тоқталды. Ол қазіргі заман талабына сай жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген Мәдениет үйінің ашылуымен жұртшылықты шын жүректен құттықтады.
Салтанатта аудан әкімі Жандарбек Далабаев бұл мәдениет ошағы облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен толықтай күрделі жөндеуден сапалы өткізілгенін, оған бюджеттен 237 млн. теңге бөлінгенін атап айтты. Ол сондай-ақ елінің ерен перзенті, бүгінде белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты, Мыңбаев ауылының көркеюіне көп үлес қосқан асыл азамат Жақсылық Үшкемпіровтің сіңірген еңбегін атап өтіп, құрылыс жұмыстарын жүргізген «Сенім Құрылыс Сервис» ЖШС басшылығына алғысын жеткізді. Жиында «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіруші ҒЗИ» ЖШС-нің «Қой шаруашылығы ҒЗИ» филиалының директоры Серік Оспанов құттықтау сөзін айтып, ауыл қариясы Есенкелсін Исағұлов ағалық ақ батасын берді.
Мәдениет үйінің лентасы қиылып, қуанышқа келгендер жаңарған ғимарат ішімен танысқаннан кейін ән-жырға сусаған ауыл тұрғындары көрермен залына жайғасты. Сахнада халықаралық және республикалық ақындар айтысының жеңімпазы Сырым Әуезхан арнау айтып жұртты бір серпілтсе, аудан өнерпаздары мен «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнер шеберлері ән мен жыр бұлағын ағызып, қазақтың аса дарынды күйшісі Секен Тұрысбеков өз туындыларымен тыңдаушысын тамсантты. 

Серік САТЫБАЛДИЕВ,

Жамбыл ауданы.