ӘЙЕЛ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТАДЫ

Уақыты: 04.12.2017
Оқылды: 1466
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі  Ұлттық комиссия төрағасының орынбасарлары Ләззәт Сүлейменова мен Елена Тарасенко облысымызға  іссапармен келді. Мақсат – әйелдердің қоғамдағы орнын  бағамдау. Қыз-келіншектердің әлеуметтік, кәсіпкерлік саладағы белсенділігін арттыру. Заң, шешім шығару органдарындағы әйелдердің саны мен салмағын анықтау.

Қонақтар алдымен «JLC Сүт»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен  танысты. Облысымыздың түкпір-түкпіріне сүт өнімдерін тасыйтын зауыт тәулігіне 50 тонна сүт өңдейді. Өндіріс орнының атқарушы директоры  Ольга  Богданованың айтуынша, қайта өңдеу кәсіпорны  демалыссыз жұмыс істейді.  Барлығы 34 түрлі өнім шығаратын  зауытта  60 адам еңбек етеді. Айлық ақылары орташа есеппен 100 мың теңгенің көлемінде. Мұнда жұмыс істейтіндердің дені әйелдер.    Ольга  Богданова кәсіпорын ең алдымен тауардың сапасына көңіл бөлетіндігін айтады.  Атқарушы директор сөзін дәлелдеу үшін зауыт ішін аралатты. Шынымен де барлығы табиғи өнімнен дайындалуда.  Ірімшіктің ортасына салынатын  жүзім мен қақтың да  сапалы түрі пайдаланылады.  Арнайы ыдыстағы өнім әбден жуылып, тазалануда. Дайындалуы, сақталуы заманауи қондырғылармен зерттеліп, тексеріледі. 
– Басында сүтті аудандардағы шаруашылықтардан тасымалдайтынбыз. Зер салып қарасақ, шаруашылықтардан жиналған  өнімнің сапасы күн санап төмендеп барады. Яғни, құнарлылығы азаюда. Содан кейін барып, ірі шаруашылықтармен келісімшарт жасастық. Арнайы технологиямен сауылатын, құнарлылығы жоғары  сүт жинауға көңіл бөлдік. Нәтижесінде, айран, ірімшік, қаймағымыз дәмді. Тұтынушылардың сұранысына ие, – дейді зауыттың атқарушы директоры. 
Гендерлік саясат жөніндегі комиссияның өкілдері бұдан кейін облыстық телеарнаның ғимаратына бас сұқты. Телеарна директоры Бейсен Құранбек қонақтарды студиямен таныстырды. «Заманауи технологиямен жабдықталған  мекемені салуда  бұрынғы әкіміміз, ҚР Парламенті  Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтің сіңірген еңбегі зор. «Журналистер әр жерде жүрмесін. Олардың жұмыс істеуіне толыққанды жағдай жасауымыз керек», – деген еді ол. Міне, ғимарат қазір ел-жұртты жаңалықтармен хабарландыру үшін үздіксіз жұмыс істеуде. Құрал-жабдықтарымыздың барлығы жоғары дәрежелі, сапалы. Облыс әкімі Амандық Баталов кабинеттердің жабдықталуына, студияның  жарақтануына барынша көңіл бөлді», – деді Бейсен Абайұлы. Телеарнаны аралаған қонақтар облыс орталығында мынандай студияның барлығына таң-тамаша болды. Елена Тарасенко: «Студия да, құрал-жабдықтар да керемет екен. Журналистердің жылдам ақпарат беруіне барлық жағдай жасалыпты. Хабарлар тарататын кабинеттер, олардың жабдықталуы көңіл қуантты. Әр журналист хабарды өздері монтаждайтын дәрежеге жетіпті. Мекеменің іші кірсе шыққысыз тартымды. Мұндай жерде жұмыс істеудің өзі бақыт», – деген жылы лебізін білдірді. 
Гендерлік саясатпен айналысушылар бұдан кейін жастар саясаты мәселелері  басқармасына бас сұқты. Облыста барлығы 432483 жас  болса, соның 210115-і қыз-келіншектер. Олардың барлығы  өңіріміздің өркендеуіне, мемлекетіміздің гүлденуіне,  ел-саясатының  жүзеге асуына еңбек етіп келеді. Мекеме басшысы Айдын Нұрмұхамбетов  жастарға қызмет көрсету орталығының жұмысымен таныстырды. Өрімдей ұл-қыздар  қызмет етіп отырған кабинеттер интернет арқылы жұмыс іздегендер мен құжатын рәсімдегендерге көмек көрсетуде. Бұрын осы облыста  жастар ісі басқармасын басқарған Ләззәт Сүлейменова  заманмен бірге  жастардың да сұранысының өскенін, оның орындалуы үшін барлық жағдайдың жасалып жатқанын көріп, ризашылығын білдірді.      
Оқушылар сарайында  отбасы және гендерлік саясат жөніндегі комиссия мүшелері  мұнда 3300 баланың 63 үйірмеге тегін қатысатынына қанықты. Балалардың сана-сезімін, білім-білігін жетілдіруге арналып құрылған үйірмелерге қатысушылар бүгінде  республика көлеміндегі, шетелдердегі жарыс, байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Домбырашылар, бишілер және ғылыммен шұғылданушыларға мұнда сара жол салынған. Үйретушілер ғылымның құдіретін, оқушыларға тәлім беру тәсілдерін  сол жерде дәлелдеді. Гендерлік саясат жөніндегі комиссияның жетекшілері балалардың жылы да заманауи ғимараттағы дайындық сабақтарына ризашылық білдірді. 

 

Гүлжан ТҰРСЫН.