Үздік мұрағат анықталды

Уақыты: 09.12.2017
Оқылды: 1208
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысы архивінің Қарасай аудандық филиалында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Үздік ведомстволық архив» байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.

Аталмыш басқарманың бөлім басшысы Гүлім Әбсейітова төрағалық еткен сайыстың мақсаты – мұрағаттарда құжаттардың сақталуын, дұрыс қабылдануын, сонымен қатар есепке алу тәртібінің талапқа сай болуын және олардың құндылығына сараптама жасалуын анықтап, баға беруге бағытталған болатын.
Жалпы, бұл жарысқа республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландыратын 21 мекеме, атап айтқанда – құқықтық, мемлекеттік органдарға қарасты архивтер қатысты. Шарт бойынша құқықтық органдардың құжаттары электрондық форматқа енгізілгендіктен және материалдық базасы мемлекеттік жергілікті органдар мен мекемелермен салыстырғанда едәуір жақсы болғандықтан  жүлделі орындарды екіге бөлген дұрыс деп шешілген.  Сол себепті, құқық қорғау органдары арасындағы архивтер өзара жарысқа түсті. Байқаудың қорытындысы бойынша әр жүлделі орынға екі мекеме ие болды. 
Ведомстволық архивтерге құжаттардың қабылдануын, сақталуын және пайдалануын талапқа сәйкес жоғары деңгейде жүргізген Текелі қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының және Еңбекшіқазақ ауданының №2 аудандық сотының мекемелері 3-орынды жеңіп алып, қағаз басып шығару  құрылғысы мен жинақтау дискісіне ие болды. Ал, 2-орынға Ескелді ауданы әкімінің аппараты мен Райымбек ауданының №2 соты көтерілсе, 1-орын мен бағалы сыйлықтар Талғар аудандық ауруханасы мен Ұйғыр ауданы прокуратурасының еншісіне бұйырды.

Қуат Қайранбаев.

Қарасай ауданы.