Белсенділер марапатталды

Уақыты: 13.12.2017
Оқылды: 1748
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Талдықорған қаласында дінтанушылар және діни бірлестік жетекшілеріне арналған «Зайырлы қоғам: дін мен дәстүр» атты I облыстық форумы өтті. Облыс көлемінде алғаш рет өткізіліп отырған алқалы жиынға ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетінің, «Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалының, облыстық мәслихаттың, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, облыстық департамент, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, діни бірлестіктер жетекшілері, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Алматы, Талдықорған өңірлік өкіл имамдары, белгілі дінтанушылар, теолог мамандар, құқық қорғау органдары мен әскери бөлімшелердің қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, еліміздегі діни ахуалды реттеу жұмысымен, Жетісу жеріндегі діни бірлестіктердің мүмкіндігімен танысты. І форумды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық ОМАР ашып, жүргізіп отырды.

Форумда бірнеше адам баяндама жасап, діни радикализмнен арылудың қажеттігіне тоқталды. Алғашқы болып мінберге көтерілген облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов Жетісу жерінде атқарылған жұмыстарды таныстырды. Оның айтуынша, биыл дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөнінде бірлескен жұмыс жүргізіліп, Ислам дінінің асыл құндылықтарының бірі – мәдениет пен білімді қолдаудың, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтаудың дұрыстығы нақтыланған. Жалпы облыста 12 конфессияны қамтитын 595 діни бірлестік пен филиал жұмыс істейді. Олардың 436-і ислам мешіті, 51-і православ, 11-і Рим-католик, 95-і протестанттық шіркеуі. Олардан бөлек 2 дәстүрлі емес діни бірлестіктер бар. Мешіттерде еңбек ететін 517 діни қызметкердің 420-ы бас имам, 75-і наиб имам, 14-і ұстаз, 8-і азаншы. Имамдардың 132-і жоғары білімді, 70-і медресе бітірген, 248-і курстан өткен және 66-ы орта білімді. Биыл маусым айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың (2017-2020 жылдарға арналған) тұжырымдамасына» орай облыста бірқатар жұмыстар атқарылған. Соның қатарында ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің біліктілігін арттыру үшін конфессияаралық келісім және діни экстремизм профилактикасын қамтамасыз ету мәселесі бойынша 1 күндік оқыту семинары бар. Одан бөлек, жаңа форматтағы «OPENAIR», флешмоб, «Рухани керуен», Талдықорғандағы рухани кештер, сурет және діни әдебиет көрмелері, мақалалар мен постерлер байқауы, жыр мүшәйрасы, діни бірлестіктер жетекшілерінің дәстүрлі клуб отырыстары, велошеру мен марафон және т.б. ірі жобалар қолға алынып, жүзеге асырылды. Облыстық драма театрының репертуары «Дертке дауа – Хақ жолы» атты әлеуметтік драмамен толықты.
Жетісу жерінен шыққан 52 студент шетелдік теологиялық оқу орындарында оқып жатыр. Олардың 14-і түсіндіру жұмыстары арқылы биыл елге қайтарылды. Қазір шетелде білім алып жатқан 38 студенттің 26-ы лайықты деп танылған оқу орындарында оқып жатса, 12-і рұқсат етілмеген оқу орындарында білім алуда. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 39, шет тілдер және іскерлік карьера университетінде 57, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде 144, барлығы 240 студент оқып жатыр. Бұл діни қызметкерлердің сапалық құрамын жақсартуға мүмкіндік береді. Ал, діни қызметкерлердің білім деңгейін көтеру өзекті мәселенің бірі. Осыған Алия Масалимова, Алау Әділбаев, Жасұлан Жүсіпбеков, Құдайберді Бағашар, Бағдат Бейсенов, Шәмшат Әділбаева, Айша Кеңесбай, Гүлмира Билялова, Руслан Иржанов, Лола Шакимова, Болат Шоманов сынды елімізге танымал теолог, дінтанушы ғалымдар, профессорлар көмек беруде.
Облыстық дін істері басқармасына қарасты техникалық базамен жабдықталған «РеРеамобиль», «РеИнформобиль» автокөліктері күллі Жетісу жерін қамтып, тұрғындарға діни тұрғыдан түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сондай-ақ, діни сараптамадан өткен материалдарды жедел шығару баспаханасы және бейнероликтер түсіретін бейне-фотостудиясы іске қосылған.
Одан соң мінберге ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетіне қарасты Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры, профессор Айдар Әбуов, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы, доцент Әсет Құранбек, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан, Талдықорған қаласы Иоанн Богослов соборының иерейі Александр Матлашов, «Білім» оқыту орталығының директоры Руслан Иржанов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының терроризм және діни экстремизмге қарсы дайындық орталығының оқытушысы, дінтанушы Болат Шоманов, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Әміре Әрін кезекпен көтеріліп, еліміздің тыныштығын, тұрақтылығын, бейбітшілігін қамтамасыз ету үшін діни радикализмнен арылудың қажеттілігін түсіндірді.
Аса өзекті мәселелер талқылаған жиынды қорытындылаған модератор Жақсылық Омар қатысушыларды облыстық дінтанушылар және діни бірлестіктер жетекшілерінің І форумының қарарын қабылдауға шақырды. Қарар бірауыздан қабылданған соң «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған «Рухани керуен» жобасының мүшелері мен белсенді қатысушылары марапатталды. Сондай-ақ, өңірдегі діни ахуалға елеулі үлес қосып жүрген мамандарға «Үздік діни қызметкер», «Үлгілі діни ғибадатхана», «Сауапты іс» номинациялары бойынша бағалы сыйлықтар берілді. Алғашқы форум қатысушылары естелік суретке түсті.

Мәди АЛЖАНБАЙ.