Еркін елдің бөбектері

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1548
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдыққа тәуелсіз ұлт болып аттаған бақытты жанбыз. Бұл бақытты күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Ежелден-ақ ата-бабамыз өз жерін еш жауға бастырмаған, дұшпанына қатал, досына адал болып, Отанымызды ерлікпен қорғағаны тарихтан белгілі. Өткенімізді еске түсіріп, мақтанышпен ғибрат алып, кеудемізге жарқын болашақтың үміт отын жағып,  ұрпағымызды парасаттылыққа жетелейміз.

Осындай рухани мерекенің  Қарасай ауданы   Тұрар ауылындағы  Әбіжан Байсалбаев атындағы орта мектебінің «Балдырған» шағын орталығында аталып  өткені елеу-лі оқиға болды. Аға тәрбиеші  Еркінгүл Юсупова апайдың жетегінде балбөбек бүлдіршіндер  тәуелсіздігіміздің бейбіт күнін шуақты сезіммен жырлай білді. 
Әйнегі – күн, шатыры – аспан,
Кең дала төсі – толқыған бесік!
Көлдері көкке күмістер шашқан,
Қазақстан – Республикам  менің! – деп жырлаған бөбек үні ашық аспанымызда асқақтап, жаңғырығы ерлікке, өрлікке, ынтымаққа жетеледі. Ұрпағының өнері мен біліміне тәнті болған ата-аналар қауымының  алғысында шек болмады.
Тәуелсіздігімді тәу  еткен балғын  бөбектердің бармақтай болса да  үлесі таудай талапқа жетелейтіні сөзсіз. 

Э. ЕСТЕМЕСОВА,
«Балдырған» шағын орталығының тәрбиешісі.
Қарасай ауданы.