Шағын орталық ашылды

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1746
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ақсу ауданында соңғы кездері жайдарман жаңалық көп.  Соның көшбасында қант зауытының ашылғандығы тұр.  Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып,  жаңа мекемелер ашуда  білім жүйесі  алда келеді.   Осы жылы аудан бойынша  мектеп жанынан үш шағын орталық  ашылды. 

Есеболатов  ауылындағы орта мектеп жанынан  құрылған  шағын орталық  «Жаншуақ»  деп аталды.  Соңғы жылдары  шалғай елді мекеннен  мектеп жанындағы шағын орталық ашу жайлы бастама көтерілген.  Сабақты иненің сәтімен болатынындай, ауыл тұрғындарының қуанышы  желтоқсан айының басындағы Президент күні мерекесімен ұштасты.  Орталықтың салтанатты ашылуында аудан әкімі  Әділбек  Далбағаев  сөз сөйлеп,  ауыл тұрғындарын  жайдарман жаңалықпен құттықтады.  
– Былтырдан бері ауылдарыңызда қуаныш  еселенуде.  Өткен жылы көптен  көңілде жүрген су мәселесі шешімін тапты.  Биыл,  міне, талайдан жөндеу көрмеген мекеме жөнделіп, пайдалануға  берілді.   Шағын орталықта балаларыңыз оқу үйреніп, ән-биге машықтанады.   Бүлдіршіндердің  зердесін  ашар мұндай орталықтардың  бала тәрбиелеуде маңызы зор.  Мекеме  іші балаға толсын, – деді аудан әкімі.  Бұдан кейін ардагер ұстаз Молдахан Сағымбаев  ортаға шығып, ауылдастарын қуаныштарымен құттықтады.  
 – Әділбек Егеубекұлы, орталықты ашуға көмектескеніңіз үшін сізге алғыс айтамыз!  Ауызсу тартқызғаныңызға да  ризашылығымыз шексіз. Ендігі бұйымтайымыз ауылдың Мәдениет үйінің жөнделуіне күш салсаңыз. Бюджеттен қаржы бөлдіруге   көмектессеңіз, – деді ауыл тұрғыны.    
Ыңғайы келіп тұрғанда  алда атқарылар бір шаруаның бастамасы осылай көтерілді.  Орталықтың лентасы қиылғаннан кейін  жиналған қауым  құстың ұясындай жылы мекемеге кірді.   Алқызыл матадан тігілген көйлек киген бүлдіршіндер балдай тәтті тілдерімен қонақтарға ән салып, би билеп берді.   Қоғамдық орынға  әлі бейімделе алмаған жәудіркөздер  жан-жағынан ата-анасын  іздеп, еліктің лағындай елеңдейді.  Пысық бүлдіршіннің тақылдаған тақпағын тыңдаған көпшілік: «Мына бала болашақ  көшбасшы ғой!»  деп  қош көңіл  танытып жатыр.  Кішкентай  Санжар Омарбай  салған  «Қаным да    Қазақ» әні үлкен-кішіге жігер сыйлады. 
Елу  балаға арналған шағын орталықтың бөлмелеріне    парта, орындықтар  қойылыпты. Балалар  қатар отырып сурет салып,  мұғалімнің айтқандарын қайталауда.   Ұл-қыздарға  10 адам  ұстаздық етуде.   Ауыл тұрғындары  қаңырап тұрған  үйдің  сәнді, көңілді  мекемеге айналғанына қуануда.  Шынымен де  сырты қызғылт түспен боялған үй көшенің де сәнін келтіріп тұр. 

Гүлжан ТҰРСЫН.

Ақсу ауданы.