ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 29.12.2017
Оқылды: 2023
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Кез келген саналы адамды ойландырар жайт – ұлттың болашағы. Бұл орайда жетісулық зиялы қауым руханиятымыз үшін жасалған оң қадамға мерейленіп, латын әліпбиіне көшуге қолдау көрсетуде. Оған ағымдағы жылы атқарылған бірқатар іс-шаралар негіз болмақ.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен биыл өңіріміздің 70-тен астам елді мекенінде латын әліпбиіне қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Қараша халыққа рухани жаңғыру, жандану арқылы өшкенімізді жандырып, жоғалтқанымызды қайтаратын бағытқа бет бұрғандығымызды, сөйтіп әлем алдындағы жаңаша үдеріспен дамыған елдердің қатарынан тұғыр сайлап, жан-жақты қарыштайтынымызды түсіндірген жетісулық игі жақсы Тіл сарайында бас қосты. 
Жиын барысында тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев Елбасы бағдарламасын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстың нәтижесіне тоқталды. Сонымен қатар, іргелі істің игілікпен орындалуына белсенділік танытқан азаматтарға алғыс білдіріп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және аталмыш басқарманың Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті. 
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен  марапатталған «Кәсіпкер» журналының бас редакторы Гүлжиян Сүлейменова:
– Ел болып жасап жатқан тарихи шешімдер мен игілікті бастамалар болашақ ұрпақтың бақыты мен қасиетті Отанның кемелденуі үшін. Сондықтан да, рухани жаңғыру жолында азды-көпті үлес қосқан әр азамат мұны ерлік деп санамайды, керісінше, ел алдындағы перзенттік борышы деп біледі, – дей келе басқарма басшысының марапатына ие болған зиялы қауым өкілдері атынан Айдар Карбозұлына деген алғысын жеткізді. 
Өз кезегінде «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін сөз алып, тауанды тарихтан тағылымды сыр қозғады. Сонымен қатар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының алтын арқауы бабалардың асыл арманымен астасып жатқандығын атап өтіп, жылдың басты жаңалығы болған бағдарламаны тереңнен қаузады. Өз кезегімен сөз алған «Өлке тынысы» ЖШС-ның директоры Мейрам Жанәділов, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сайлау Қожағұлов, журналист Қажет Андас, жазушы Есболат Айдабосын және облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Гүлбақыт Қасен латын графикасына көшу жұмысына әлі де белсене еңбек сіңіретіндерін айтты. Сонымен қатар аталмыш басқарманың ұйымдастыруымен жүргізіліп жатқан игі шаралардың басынан табылатынын да жеткізді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.