Бақытты балғындар

Уақыты: 03.01.2018
Оқылды: 1279
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Тәуелсіздік күніне орай Ақсу ауданы, Жансүгіров кентінде ашылған «Арай» балабақшасы Жаңа жыл мерекесінің алдында алғашқы тәрбие сағатын өткізді. Расында ашылғанына ай толмастан ауқымды шараны қолға алып, ата-анасының қасынан алыстап көрмеген 2 – 5 жас аралығындағы балғындарды мерекелік шараның тәртібіне көндіру қиын болған көрінеді. 

– Әсілінде балабақшадағы алғашқы тәрбие сағатын Наурыз мерекесіне қарай жоспарлауды жөн көрген едік. Себебі, бақша өміріне жаңадан бейімделе бастаған балғындарға тақпақ жаттатып, би үйрету, тағы басқа да дайындық жұмыстардың ыңғайын табу қиын болатын шығар деп ойлағанбыз. Алайда, біздің жұмысымызды ата-аналар жақсы қолдады. Сонымен бүгінгі шараны бірден ұйымдастыруға белсене кірістік, – дейді «Арай» балабақшасының меңгерушісі Айгерім Мұқаметжанова.
Осы тұста, «Арай» балабақшасы Ақсу ауданында бірінші болып ашылғанын айта кету керек. Бүгінде 20-дан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, 50-ден астам бала тәрбиеленуде. Сонымен жаңа нысан кенттегі жиырма отбасының кірісін көбейтсе, елу отбасының күнделікті өміріне жаңа леп әкелді. Жалпы, 150 балаға арналған нысанның алдағы уақытта тағы да бір қосалқы бөлігі қосылмақ. Алдағы күзден бастап балабақшадағы балалар санын 100-ге жеткізуді жоспарлап отыр.
Екіқабатты ғимаратта  балалардың  ойнап,  оқып,  спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.   Еденіне жылу тартылған. Бүлдіршіндер жарты ай бойы дайындалған биін биліп, тәтті тілдерімен былдырлап, қонақтарға тақпақ айтып берді.  Ал балабақшаны салған кәсіпкер Ілияс Жуанышов балғындардың әрбіріне арнайы сыйлық дайындап қойған екен. Оны көрген балалардың жүзіндегі қуаныш лебі көпшілікті қуантты. 
– Балабақшаны 6 айдың ішінде салып біттік. Жалпы, 150 млн. теңге қаржы жұмсалды. Әсіресе, сапасына ерекше назар аударғанымызды айта кеткенім жөн. Алдағы уақытта қосалқы бөлігін іске қосуды ойластырудамыз. Сондай-ақ, балабақшаның жанынан спортзал мен балғындарға керекті қосымша нысандар қосылмақ, – дейді кәсіпкер Ілияс Жуанышов.
Ақсу аудандық білім бөлімінің басшысы Бегімбек Рамазановтан білгеніміздей, бүгінде Ақсу ауданындағы балғындардың балабақшамен қамтылу көрсеткіші 95 пайызға жетіп отыр. Ауданда 7 мемлекеттік балабақша жұмыс істейді. Сондай-ақ, мектептердің жанынан ашылған шағын орталықтар да оңтайлы жұмыс атқаруда. Биыл аудан орталығында тағы да бір жекеменшік балабақша салынбақшы. Ал «Арай» балабақшасының қосалқы ғимараты іске қосылса, келесі оқу жылында ауданда балабақша кезегінде тұратын бала болмайтын сыңайлы.

Қажет АНДАС.

Ақсу ауданы.