СЫНДАРЛЫ СЫН АЙТЫЛДЫ

Уақыты: 03.01.2018
Оқылды: 1368
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыс әкімдігінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңестің кезекті отырысы өтіп, Жетісу жеріндегі діни ахуалдың есебі берілді. Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өңірдегі жастарды адастырып жүрген діни ағымдардың мүшелерін алған бағытынан қайтару үшін атқарылған жұмыстардың нәтижесін сұрады. Аталған мәселеге орай Ақсу, Райымбек аудандары әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасап, аймақтардағы көрсеткіштерді таныстырды.

Алғашқы болып мінберге көтерілген Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаевтың айтуынша, аудандағы дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтары жыл басынан 60 іс-шара өткізген. Оның 36-сы кездесу, 19-ы «дөңгелек үстел» оты-   рысы, 3-уі семинар, 2-уі форум. Одан бөлек, дінге қатысты сауалнама жүргізіліп, арнайы сараптама жасалған. Сондай-ақ, оқушылармен өткізілген «Хиджап кию дұрыс па?», «Хиджап оқушы киетін киім емес» деген тақырыптардағы тәрбие сағаттары нәтиже берген. Сонымен қатар, тұрғылықты халыққа ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстарын таныстыру үшін аудандық «Ақсу өңірі» газетіне 45 мақала жарияланған. Осындай жұмыстардың қатарынан елімізде тыйым салынған «Таблиғи жамағат» ағымына қатысы бар 5 азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бұдан басқа 24 мешіт тіркелген Ақсу ауданында 4 адам Мысыр, Түркия сияқты елдерде діни білім алып, екеуі елге оралған. Қазір олардың ата-аналарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, байланыс орнатылған. Қысқасы, өңірдегі атқарылған жұмыстар нәтижелі. Дегенмен, Түркияның тыйым салынған оқу орнында білім алып жатқан адаммен жұмысты күшейту керек. Бұл туралы Жақсылық Мұқашұлы айтты.
Бұдан соң мінберге шақырылған Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Талғат Байеділовтің пікіріне қарағанда 23 ауылдық округі бар ауданда Ислам дінінің Ханафи мәзһабын ұстанатын мұсылмандар тұрады. Соған орай ауданда 33 мешіт тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Сонымен қатар, Тұйық, Тасашы ауылдарында жаңа мешіттің құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, Сарыбастау, Текес, Тоғызбұлақ, Қарабұлақ, Бөлексаз, Жайдақбұлақ ауылдарында жаңа мешіттер ашылып, ел игілігіне берілген. Алайда аудандағы 33 мешіттің 20-сында  мемлекеттік акт, 23 мешітте техникалық құжат жоқ. «Қазақстандағы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес, құрамында 23 мүшесі бар аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы биыл 60 шара өткізді. Оның 13-ы семинар, 25 кездесу, 22 «дөңгелек үстел» отырысы. Осындай белсенді жұмыс атқарып отырған аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері мешіттердегі жамағатпен де тұрақты кездесіп тұрады. Қысқасы, кілең қазақы ауылдардан құралған Райымбек ауданында теріс діни ағымдардың ықпалы төмен. Дегенмен, Қақпақ ауылында уаххабизм ағымын ұстанатын 2 азаматқа қатысты оңалту жұмыстары тұрақты жүргізіледі.
Баяндамашы келтірген мәліметтерге орай сұрақ қойған Жақсылық Омар құжаттары толық емес мешіттердің іс-қағаздарын дайындауға қатысты тапсырма беріп, кемшіліктерді түзетуді ескертті. Облыс әкімдігінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңесте қаралған үшінші мәселе келер жылдың жоспарына арналды.

Мәди АЛЖАНБАЙ.