Есте қалған Есік сапары

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 2925
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Тасын түртсең тарихы сөйлейтін Жетісу өңірінің әр жеріне сапаралап барып, оны өскелең ұрпаққа таныстырып, ата-бабамыз жүріп өткен жолды көрсету арқылы олардың бойына намысты, қайратты сіңдіріп, ең бастысы қазақы қалпынан ажырамауға үлес қосамыз. Жетісу жерінің ғана емес қазақтың мақтанышы, тарихымыздағы үшінші ғарышкер Айдын Айымбетов бітірген №14 орта мектеп-гимназиясының 7 «В» сыныбының оқушылары  Есік қаласындағы тарихи орындарды, құнды жәдігерлер сақталған музейді көріп қайтты.
«Рухани жаңғыру» аясында ұйымдастырылған шараны 7 «В» сыныбының жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Айнұр Түктібаева бастап барды. Оқушылар «Алтын адамды» жәнеде Есік археологиялық өлкетану музейіндегі басқа да құнды жәдігерлер мен бұйымдарды тамашалады. Алған әсерлерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Балалар келешекте осы жерге тағы бір келуді жоспарлап, өздерінің алдына биік мақсаттар қойды. Балпық би ауылындағы музыка мектебінің сурет бөлімінде қосымша оқи жүріп «Қош келдің, құтты Наурызым!» атты республикалық балалар мен жасөспірімдердің арасындағы байқауда «Бейнелеу өнері» композициясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталған Әділхан Өркен:  Болашақта мүсінші болуды армандаймын. Ұстазым Есік қаласындағы тарихи-өлкетану музейіне барасың дегенде қатты қуандым. Үнемі «Алтын адамның» суретін салып, ермексаздан жасап жүретінмін. Өз көзіммен көргеніме қуаныштымын. Бұл сәт шығармашылыққа үлкен шабыт сыйлайды, – дейді. 
Ұлы Жібек жолының бір тармағы болған  мекеннің әр нүктесі тұнып тұрған тарих. Сұлтанмахмұт Торайғырша жырласақ: «Біздерде мынадай бар, мынадай бар». Еңбекшіқазақ ауданының орталығына барған сапарымыз сәтімен аяқталды.  Құндылықтарды бағалай білейік, дәріптейік. 

Айнұр ДӘУРЕНБАЕВА,
Медеубай Құрманов атындағы № 2орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  
Балпық би ауылы,
Көксу ауданы.