САМСЫДА АМБУЛАТОРИЯ САЛЫНДЫ

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 1243
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Алматы – Бішкек» күрежолының бойындағы Самсы ауылында заманауи үлгідегі дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Қажетті материалдық-техникалық базамен жабдықталған емдеу мекемесі бір мезетте 50 адамды қабылдай алады.

Тұрғындар қуанышына аудан әкімі Жандарбек ДАЛАБАЕВ, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Доғдыркүл Молдахалықова ортақтасты.
Ашылу салтанатында аудан әкімі денсаулық саласы бойынша атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Ол былтырғы жылы әлеуметтік салаға жалпы көлемі 7 млрд. 679 млн. теңге жұмсалғанын, нәтижесінде 5 мектеп, 2 дәрігерлік амбулатория салынып, бір Мәдениет үйі, бір мектеп күрделі жөндеуден өткенін тілге тиек етті. Ауданда бұрын-соңды әлеуметтік салаға мұндай ірі көлемде қаржы бөлінбепті. Самсыда 164 млн. теңгеге бой көтерген емханада 11 адам жұмыспен қамтылды.
Қуанышты сәтте ауылдық округ ардагерлері ұйымының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Мұхтар Шынтеміров тұрғындар атынан ризашылығын жеткізді. Сәулетті ғимаратты салған мердігер ұйым «Іргетас-құрылыс-2» ЖШС жетекшісі Әлібек Сәрсенов нысанның кілтін амбулатория меңгерушісі Әшімгүл Расиловаға тапсырды. Ауыл ақсақалы Дәуренқұл Керімов көпшілікке бата берді. Қариялар аудан әкімімен бірге жаңа ғимараттың лентасын қиып, әжелер шашу шашты.

Серік САТЫБАЛДИЕВ,

Жамбыл ауданы.