Бірлескен іс берекелі

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 1194
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті және «Жетісу жастары» ұйымының Конгресі өмірлік қиын жағдайға түскен жастардың әлеуметтік бейімделуіне бағытталған іс-шаралар бойынша қорытынды есебін өткізді. Талдықорған агротехникалық колледжінде жастар ісі бойынша жыл бойы атқарылған жұмыстар айтылып, іс-шаралар тарқатылды.

«Жетісу жастары» Конгресінің жетекшісі Дәулет Ауданбаев 2017 жылдың жемісті, жеңісті болғандығынан хабар беріп, түйткілді дүниелерді де тілге тиек етті.  Жыл бойы жасалған жұмыстардың негізгі мақсаты – бас бостандығынан айыру мекемелерінде жазасын өтеген жас азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне бағытталған іс-шараларды ұйымдастырып өткізу. Сондай-ақ, жеке тұлғаның мінез-құлқына қоғамдық әсер ету, құқықтық санкциялар, медициналық араласу да міндеттің бір парасы.  Педагогикалық ықпал, әлеуметтік қолдау және психологиялық көмек арқылы адамның өз өміріне жауапкершілігін өзіне алуы, өзара сенімділікті қолдау, жеке тұлға мен индивидуалдылықты құрметтеу секілді принциптеріне баулу да шара шарапаты болып табылды. М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде, Талдықорған медициналық, политехникалық колледждерінде, Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында түрлі шаралар өтіп, жастардың өнері мен біліктіліктері көрсетілді. 
«Бүгінгі жас көшбасшы – ертеңгі білікті маман» атты көшбасшылық қабілетті арттыратын семинар-тренингтер, көңілді тапқырлар клубы, шахмат, дойбы ойындарынан сайыстар өткізіліп, жеңімпаздар анықталды. Сондай-ақ, суицидтік және девиантты мінез-құлықты жастардың жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың әлеуметтенуі мен бейімделуіне бағытталған іс-шаралар да қолға алынған. 

Құралбек  СӘБИТОВ.