ІШПЕГЕН ДЕ БЕЛГІСІ ІРІЛІКТІҢ

Уақыты: 10.02.2018
Оқылды: 2025
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

    Ащы суға бөрте тойған Болатбек бүгін де бүк түсіп жатыр. Бет-ауызы көк ала қойдай. Басын жастықтан көтеруге әлі жетпей, жанарымен жер шұқиды. Әкесінің әбестігіне налыған үлкен ұлы таңалакеуімнен базар маңын жағалап жүр. Жақында босанған келіншегі кешелі бері күзетте. Тас қорадай тапал тамның қуыс-қуысынан енген аяз арқаны осқылайды. Аш құрсақ балалары мұздай алақанымен әкесін оятып әлек. Ал пеш түбіндегі періштенің өксігі құлаққа құмыға жетеді. Сам жамырап барады. 

 

 


Жүйке уы

Альмара БАРАКОВА,
«Республикалық әскери госпиталь» ММ терапия бөлімінің басшысы:
– Арақ-шараптан адамға келетін зиянды есептеп шығарудың өзі ауыр.  Сыраны көп ішкен адамның бүйрегі, бауыры, жүйке жүйесі, асқазаны, өт жолдары істен шығады. Бауыры, бүйрегі ісініп, адамның іші қампиып кетеді. Одан соң жүрегінің соғысы баяулайды. Сыраның құрамындағы көмірқышқыл газы қан тамырларына күш түсіреді. Қан тамырларына күш түскесін жүректің қызмет етуі нашарлап, еті босап, ісініп, сырты үлбіреп кетеді. Мұны дәрігерлер «жүректің сыра синдромы», кейде «жүректің капрон шұлыққа айналуы» деп атайды. Сыраны көп ішетін әйелдер нәзіктігінен айырылады.  Дене тұрқы ерлердікіндей болып өзгеріп, кейбір әйелдердің ұртына мұрт қаптайды. Арақ-шарап ішетін қыз-келіншектер арасында кеуде безі қатерлі ісігімен ауыратын әйелдер жиі кездеседі. Алкоголь «жүйке уы» деп бекер айтылмаған. Ішкілік организмнің қуыс-қуысына өте тез жайылады да, содан соң орталық жүйке жүйесін улап, оның қоректену процесін бұзады. Үнемі ішкілікке салынған адамның спермотозоидтары азайып, олардың тұлғасы өзгереді. Маскүнем әйелдерден туған балалардың жартысына жуығы дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы айларда шетінейді. Шетінеуге нәрестенің миындағы ісік себепкер болады. Бұл бірден болмаса да, біртіндеп дамитын сырқаттар. Сондықтан ішімдіктен барынша сақ болыңыздар.

 

    Иә, бұл мақаламыз ұлттың ұжданын ұсақтаған дерт жайлы болмақ. Қоғамда мұндай оқиғалардың жиілеп кеткендігін өздеріңіз де күнделікті жаңалықтардан немесе әлеуметтік желілерден көріп жүрсіздер. Көптеген кикілжің мен бей-берекет бүліктердің басында ішімдіктің тұрғаны анықталуда. Әрине, баяндай берсек бәрі мін.  Әйтсе де, білместікпен білек түріп күресу – бізге парыз. Әрбірден соң осы ұлттың перзенті ретінде достық рәуіште, жанашырлықпен жеткізу қаламға серт.
     Сахараның төсін сүйіп, түйе өркешін ықтап өскен көкбөрі тұқымының көкірек көмбесіне көз салсаңыз тым күңгірт сияқты. Күңгірт болмай қайтсін, бөлтірігі бөтелкеге байланып, бәдені бүлініп жатса. Мұны біз келтіргелі отырған төмендегі мысалдардан бағамдауларыңызға болады. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Десе де, той-томалақта тілек айтудың таптырмас құралындай әрі  кез келген мерекенің көркіне айналған осы бір ащы судың келтірген кесепаты көл-көсір. 
    Әлемдегі әйгілі сұйықтық арақ болса, оны ең көп тұтынатын бұрынғы коммунистік елдердің тұрғындары. Шетелдің сарапшылары маскүнемі көп мемлекеттердің түсін түстеп, берекесіздігін бетіне басуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жан басына шаққанда 8 литрден көп алкоголь өнімін тұтынатын ұлт «Генофонды деградацияға ұшырайды»,  деп дабыл қағуда. Яғни, кез келген өркениетті ел ішінен іріп, рухани болмысынан айырылады деген сөз. Гәп тап сонда болып тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсеңіз, жоғарыдағы көрсеткіш бізге келгенде күрт жоғарылайды. Неге десеңіз, қымызды ұлттық сусын деп санайтын дала халқы одан да көп сыра ішетін көрінеді. Масқарасы, оның басым көпшілігі жастардың үлесінде. Не болса соған еліктегіш келетін еліміздегі жасөспірімдер абыройымызды айрандай төгуде. Айтуға ауыз бармайды. Түнгі клубтар мен сыраханаларды төңіректеген текті халықтың ұрпағының түрі осындай. Біз оны ішке бүккенімізбен, жаһандық ақпарат құралдары жарыса жазуда.
     Иә, қазақтың қырсық суға сонша құмарлығын көргенде, кеудемізде қайғы ұлиды. Талайдың тұлпарын мертіктіріп, түбіне жеткен пайдасыз осы оспадардың отанына айналып бара жатқандаймыз. Негізінде, сонау V-VІ ғасырларда жүзім шырынынан ішімдік алу әдісін тұңғыш ғылымға енгізген араб химиктері. Қартаң тарихқа көз апара қарасаңыз, қазаққа көршісінен жұққан індет екен бұл. Алғаш арақтың құрамын 1430 жылы Мәскеу Кремлінде орналасқан Чудова монастрінің монахы Исидор деген тапқыш жасаған көрінеді. Әрине, ол еріккеннен ойлап таппаған. Спирттің емдік қасиетін зерделеп, адамға тигізер пайдасына аса қызығушылық танытса керек. Ақыры, өзінің қабілеттілігімен сапалы жаңа алкогольді сусынның атасы атанады. Арақпен қазақ халқы XX ғасырдың басында танысып, бүгінде қуанышына ортақтасатын досына айналдырды. Міне, содан бері көңілді тұман басқандай. Әйтеуір пәлені біреуден көру, қазақтың сүйекке сіңген салты ғой.
    Осы жерде өз дәуірінің кенен кемеңгері, жырау Мөңке бидің ақыр заман белгілерін белгілеп берген жыры еске оралады.
Ішіне шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді.
Бірақ адам оған құмар болады,
Қиналғанда шапағаты  жоқ жақының болады. 

    Көшпелі тірліктің кетеуі кетпеген қоғамда заман ағысын аңдап, оның келешек кескін-кейпін дәл болжай білген жыраудың данышпандылығына таңдай қақпасқа шара жоқ. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла бидің мына сөздері  көбеге шыққан күбірткідей көзге еріксіз жас әкеледі. Ақиқатқа мақау адамды қилы ой сілеміне салады.
Тура жолдан тайдыратын бұл тасырдың табанында тапталып жүргендер қаншама?! Тостаған суды дертке би көрген дөкірлердің өрісі таяз, кеудесі қуыс келетіні күмәнсіз. Ішімдікке үйірсек адамның шабдар ойы алысқа шаппайды. Анығы сол. Дүкендерде самсап тұрған сол сұрқылтайға сонша ынтызар болған пенденің ынсабы жоғалады. Оған құмартқандардың ақылы артына түсіп, ашуы алдында шығатын әдеті. Мұны осы де-  малыста ауылға барғанымда байқадым.
     Аядай ғана ауылдың шыға берісіне дүкен салған бір дөкейді естігенім бар. Қарапайым халықты қалаға сенделтпей, керегі кеңінен табылатын керемет сауда нысанына келушілердің қарасы өте көп. Тіпті, көрші ауылдың тұрғындары қатынап сауда жасайды. Ауыл азаматының бұл игілігіне іштей марқайғаным рас. Әйтсе де оның ішімдік сататынынан бейхабар болатынмын. Қалада жүргенімде анама хабарласқан сайын ұрлық-қарлықтың көбейгенін, жастардың жағымсыз әрекеттерін жеткізетін.  Бірді-екілі болатын шығар деп оған аса  мән бермей, әңгіме ауанын басқа жаққа бұрамын. Сөйтсем, бір емес, бірнеше қылмысты істер қар астында жатыр екен. Оны көзіммен көрмесем де, көргендер кеңінен талқылап берді. Ауыл полициясының аузын жапқан ба, ұрылардың соңынан із кесуден жалыққан сыңайлы. Қарашаны үрей билеген. Қорасын қымтағанымен қоймай, түнімен күзетуге тура келеді. Бәленің бәрі ауылға келген арақтан кейін басталған. Оған сонша құмартқан жұмыссыз жастар жүз грамға қол жеткізу үшін жүз түрлі әнтек әрекетке барады. Осы топырақтың түлегі болған соң ауылымның қазіргі жай-күйі жаныма қатты батты. Дүкен иесіне зығырданым қайнап, спирттік сусындарды сатпауды өтіндім. Бүйте берсе өзінің де, дүкенінің де тас-талқаны шығатынын да барынша көкейіне құйдым. Сонда алған жауабым мынау: «Кәсіпке бет бұрған соң пайда табудың амалын жасайсың. Әрбірден соң азық-түлік пен жеміс-жидектер көп өтпейді. Халық нанды үйінен-ақ жауып алады. Ал, спирттік сусындар сұранысқа ие. Менің жыртығымды жамап отырған да осы», – деді.  
    Сөзінің жаны бар-ақ. Шығынын толтыру үшін шыбын жаны шыр-пыр. Әйтсе де, бүтін бұқараға қастандық жасап жатқанына басын ауыртқысы жоқ. Сөз келдегімен бір сабап көрдім, бірақ сасатын түрі байқалмайды. «Ішмерездер күндейді ішпегесіннің» кері. Ойымның ар жағында қаншама сөз кептеліп қалды.
    Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу – шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?» – деп, жамандық атаулыдан аулақ болуға шақырады. Бұдан нені аңғарамыз? Құла жонға құлын байлап, сабасын сапырған ата-бабамыздың әулиелігі тұрған жоқ па? Бір Аллаға сиынып бойын жаман әдеттен аулақ ұстаған, ішімдікке ізет етпеген нарлардың намысын аяққа таптамағанымыз абзал. 
    Бүгінде жер ғаламшары ішімдікпен күресуді мықтап қолға алуда. Себебі, мәдениеттің мәйегі мұқалып, санаға салмақ түсуде. Арақ ішу – азғындыққа апаратын төте жол. Сол жолға түскен жастар жауыздыққа жұтылып барады. Қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсіп, балалар тірі жетім атанып жатыр. Біз көз қорқытатын статистикалық деректерді тізбелемей-ақ қояйық. 
    Естеріңізде болса, алғаш рет 1915 жылы Пироговтың съезінде орыстың атақты дәрігерлері «Арақтың адам денесінде зиянды әсер етпейтін мүшесі жоқ, ол барлық ағзадағы нүктелерге дейін улы әсерін тигізеді», – деген кеселді пікірге тоқтаған. Арақ ішуге әуестік ерте ме, кеш пе, әйтеуір «алқаштық» ауруға душар етпей қоймайды. Ішкіштік кеселге тап болған маскүнем ата-аналардан туған балалардың денсаулықтарында зор кінәраттардың болатынын көптеген дәрігер өз зерттеулерінде нақты дәлелдеп келеді. Мәселен, француз дәрігері Доньсе 10 маскүнемдікке салынған отбасының 57 сәбиіне зерттеу жүргізгенде, олардың 25-і қызылшақа кездерінде шетінеп кеткен. Ішіндегі 5 бала тырысқақ ауруына душар болған. Тағы бесеуінде ауыр ми ісіктері кездессе, 12 баланың он екі мүшесінде кемістік байқалғаны дәлелденген. Ол аз десеңіз, қарапайым көртышқандарға жүргізген тәжірибе бар. Оларды арнайы бөлмеге қамап, еркектеріне сыра ішкізеді. Әбден ащы суға тойған еркек тышқандар көп қимылдамай, бұрышқа барып жата кетеді. Оған шамырқанған ұрғашы тышқандар еркек тышқандардың ішін тістелеп жарып өлтіреді. Неге десеңіз, спирттік сусындар жыныстық гормондарды түбегейлі жояды. Өсімтал жануарлардың  бұл бейбастығы ғалымдардың таңданысын тудырған. Әрбір ата-ана өмірде балалы болуды армандайды. Ал, арақ сол аяулы арманға балта шабатын басты кесел. 
    Одан қалса ақыл-есі кем балалар пайда болады. Ішкілікті аз да болса ішетін әйелдердің дүниеге әкелген сәбилері әлжуаз, ерекше күтімді қажет етеді. Жүре келе психикалық қиындықтарға ұшырайды. Сөйлеу мүшелерінде кемістік байқалып, терісінде түрлі аурулар шығатын көрінеді. Бұл басы ғана. Өсе келе өзіңізге қол жұмсауы да ықтимал.
    Сарамжал сөзге тілдің бейім келетіні аян. Түбін қопара берсек, небір қасіретке қолымыз ілінеді. Сол қасіреттің қақпасында қу арақтың тұрғаны таңсық емес. Сондықтан еліміздің ырысы төгілмесін десек, ішімдіктен аулақ жүрейік, ағайын.  

P.S. Таң себезгілеп атып келеді. Тапал тамның іші тыныштыққа мойынсұнған. Күзеттен қайтқан келіншек кілт тоқтады. Шалқасынан құлаған есіктен сұлық жатқан сәби денесі бұлдырайды. Бір қасіреттің енгені анық. Бөлмеде қалың көрпеге оранған жолдасы бос құмыраны құшақтап жатыр. Тоңазыған балапандары тіл қатуға дәрменсіз. Ана байғұс тоңазыған балаларын бауырына басса да жылыта алмауда. Жылыта алмайтын да шығар...

Мұхтар КҮМІСБЕК.