Аналар үйін паналағандар

Уақыты: 15.02.2018
Оқылды: 3460
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорған қаласындағы Аналар үйінде 9 ана, 11 бала тұрып жатыр. Олардың жағдайымен танысуға Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар арнайы барды.

Алғаш рет 2013 жылы «Ана үйі» атты әлеуметтік жоба қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде «Аналар үйі» қоғамдық қоры ашылған болатын. Ондағы мақсат – жетімдер санын азайту, жақындарынан қолдау таппай, тығырыққа тірелген жалғызбасты жас аналарларға көмек қолын созу. Аналар үйі кәсіпкерлердің қаржыландыруымен жұмыстарын жүргізіп келеді. Ал Талдықорғандағы Аналар үйі 2014 жылы ашылып, бүгінгі күнге дейін 86 ана мен балаға көмек көрсетті. «Технодом» сауда үйі қолдау танытуда. Аналар үйін паналағандардың арасында жұмыс істеп, оқып жүргендер де бар. Басым көпшілігінің күйеулері әкелік жауапкершіліктен бас тартып, алимент төлемей жүргендер. Сондай-ақ, ауыраяқ болып, ата-анасынан сөгіс естіп, барар жер, басар тауы жоқтар осы үйді мекен етеді.

- Қиыншылық деген уақытша, бәріміздің басымызда қиындық бар. Өмір болған соң ондай жағдайлар кездеседі. Ең бастысы балаларыңыз аман болсын. Барлығы ақырындап, ақырындап оңалып кетеді, – деген Жақсылық Мұқашұлы аналардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Сонымен қатар, әртүрлі мерекелік концерттер мен театрларға барып, келулеріне жағдай жасау керектігін айтты. Аналар үйінің үйлестірушісі Бақтыгүл Жексембаева:

- Бұл жерде 6 айдан 1 жылға дейін тұрақтайды. Жатар орны мен тамақтары тегін. Психологтар жұмыс істейді. Барынша көмек көрсетуге тырасамыз. Туған-туыстарымен татуластыру, жұмысқа тұрғызу, балаларын балабақшаға орналастыру сынды жағдайлар қарастырамыз, – деді. Бақтыгүл Бейсенбіқызы жағдайлары оңалып кеткен соң да, хабар алысып тұратындарын жеткізді. Сондай-ақ, олардың одан кейінгі тұрмыстық қал-ахуалдары жіті бақылауда болатынын тілге тиек етті.

Көмекке зәру жандарға Аналар үйінің есігі әрқашан ашық. Қазіргі кезде өңірдің басқа да аудан, қалаларында жарнамалық тақтайша орналастыру шаралары қолға алынған. Бұдан бөлек «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалындағы қыздарға арналған «Сырласу» клубымен бірлесіп, мектеп пен колледждерде тәрбие сағаттарын өткізуді де дағдыға айналдырған.

Мәулен ​Әнербай