Жұмыспен қамтылды

Уақыты: 26.02.2018
Оқылды: 1079
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Өткен жылы 300-ден астам жұмыссыз жаңа мамандыққа ие болды. Бүгінде олардың жартысы жұмыспен қамтылды.

Облыстың өңірлік кәсіпкерлер палатасы қысқамерзімді кәсіптік оқытудың қорытындысын шығарды. Курстар өткен жылы 2017 – 2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында өтті. Оқыту алғаш рет кәсіпкерлер палатасының оқу орталықтары реестріне енген кәсіпорын негізіндегі оқу орталықтарында ұйымдастырылды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Ардақ Қашқарованың мәліметінше, оқу орталықтарында үш жүзден аса жұмыссыз азамат білім алған. 
– Былтыр мемлекет тарапынан бизнес өкілдері үшін үлкен мүмкіндік жасалды. Кәсіпкерлер мемлекет есебінен кәсіпорындарға қажет мамандар даярлай бастады. «ТАЭТК» акционерлік қоғамы, «Қайнар АКБ», «Байсерке-Агро», «Кнауф Гипс Қапшағай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты кәсіпорындар негізінде жеті оқу орталығы құрылды. Онда 314 жұмыссызға кәсіптік оқуға жолдама берілді, оның 156-сы жұмыспен қамтылды», – дейді Ардақ Қашқарова. 
Өңір тұрғындары электрмонтері, сылақшы, қаңқа-көмкерме құрастырылымдарды монтаждаушы, аккумуляторшы, жануарларды малдәрігерлік өңдеу, жануарларды ұрықтандыру жөніндегі маман, машиналық сауу операторы, жемдерді дайындау жөніндегі оператор, басқа да мамандықтар бойынша бір айдан алты айға дейін білім алды. 
Оқу сабақтарын кәсіпорынның жетекші мамандарымен бірге оқу ұйымдарының қызметкерлері жүргізді. Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыссыздарға арналған қысқамерзімді оқытуды ұйымдастыру мақсатында 13 оқу орталығын құру мен 500 азаматты оқыту жоспарланып отыр.

А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ