ЖАС АНАЛАРДЫ ЖҰМЫСҚА ШАҚЫРДЫ

Уақыты: 06.03.2018
Оқылды: 1120
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғандағы Аналар үйінде Алғыс айту күніне орай облыстық «Даму» АҚ қоры,  жастар саясаты мәселелері басқармасы, жастар ресурстық орталығы мен «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалы бірлесе отырып, «Өз бизнесіңді қалай ашуға болады?» атты шеберлік сабағын өткізді.      

Шара облыстық «Даму» АҚ қорының менеджері Мансұр Тілеубаевтың алғы сөзімен бастау алды.  
– "Даму" қоры қазіргі таңда жаңадан кәсібін ашайын деп жүрген жастарға көп көмек көрсетуде. Өзінің кәсібін ашамын деген жандар жұмысты неден, қалай бастау керектігін білмесе, бізде оқыту бағдарламалары бар. Сонымен қатар, құжаттарды да жинауға көмектесеміз. Қор болғаннан кейін біз бірнеше мекемелермен бірігіп жұмыс істейміз. Мәселен, сіз кәсіп ашамын деп банктен несие алсаңыз біздің қор сізге банкке төлейтін пайыздың жартысына дейін өздері береді. Ол төлем қайтарымсыз. Тіпті, барлықтарыңыз бірігіп бір кәсіпті ашуларыңызға болады. Сіздер үшін қолымыздан келген көмегімізді аямаймыз, – деді ол.
Аналар үйінің тұрғындары қызығушылық танытып, көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, керекті мәліметтер алды. Бірі тәтті тағамдар жасағысы келсе, екіншісі тігінші болып кәсібін дөңгеленткісі келеді.
Осыдан кейін жастарға қызмет көрсету бөлімінің кеңесшісі Айгерім Серікқызы сөз алып: «Сіздердің сұраныстарыңыз бойынша «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын түсіндіріп берейін. Бағдарламаның басты мақсаты – ауылды аймақтарды қажетті мамандармен қамтамасыз ету. Мемлекет тарапынан жас мамандарды ынталандыру мақсатында көтерме жәрдемақы және жеңіл түрде несие мен баспана беріледі. Ол үшін сіз үш жыл көлемінде жұмыс істеуіңіз керек. Ауылды жерлерді өздеріңіз таңдайсыздар және оған орташа білім де жарайды», – дей келе мемлекеттік бағдарламалардың қызметін тарқатып  берді.
Жиын соңында жас аналар: «Дипломдарымызды алып және қандай кәсіп ашатынымызды ақылдасып, алдағы уақытта сіздерге міндетті түрде жолығамыз», – десіп тарқасты.

Айдар ҚАЛИЕВ