"Халықтың уақыт өткізбей көмір түсіре қоюын қалтасы белгілейді": Талдықорғанда көмір тапшылығы бола ма?

Уақыты: 13.09.2024
Оқылды: 363
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Күн суыта бастаған шақта халықтың көмірге деген сұранысы арта түсетіні анық. Осыған байланысты қыс басталғанда жыл сайынғы Талдықорған қаласындағы көмір кезегіне иін тіресе тұратын көлік нөпірі биыл да қайталанатын түрі бар. Себебі, облыс орталығындағы қатты отын саудалайтын серіктестік жауаптыларының сөзінше, қазір қоймаларда көмір қоры жеткілікті. Дейтұрғанмен өңір тұрғындары күннің жылысында көмір түсіріп алуға еш асығатын емес.

Мамандардың  мәліметінше, бүгінде  Жетісу облысы аумағында қатты отын саудалайтын  30 көмір тұйығы, 5 қойма бар. Бұл орындарға бірнеше кәсіпкер арнайы көмір жеткізумен айналысады. Қазір облыс орталығы Талдықорғандағы әр тонна Семей көмірнің орташа бағасы  18 мың  600 теңге болса,  Шұбаркөл  көмірінің бір тоннасы 20 мың теңге айналасында. Ал өңірдегі Сарқан және Ақсу аудандарында әр тонна көмірдің құны 28 мың теңгеге  дейін жетеді.           

Өйткені ол жерлерге арнайы жүк көліктерімен тасымалданатындықтан үстеме жол ақысы қосылады. Қазір Талдықорған қаласындағы көмір саудалайтын орындарда 30 мың тоннаға жуық көмір қоры бар. Оның үстіне әр күні аймаққа 20 вагоннан астам  көмір жеткізілуде.

Жалпы биылғы жылғы облысқа қажетті қатты отынның көлемі 430 мың тоннаны құрайды. Қазірге оның тең жармы да сатылмаған. Сондықтан да қыс қыр астында, жергілікті билік жұртқа бейғамдыққа салынбай қазірден қамданып қыстық отынды ерте бастан түсіріп алуды ескертеді. Алайда, бұл сауалға да қарапайым халықтың да өз айтары бар.

 – «Жасыратын емес, бүгінде халықты қымбатшылық жан-жақтан қысып барады. Оны ойлап жатқан ешім жоқ. Қазір базарлардағы ет, сүт, ұн, май күріш пен жеміс-жидек сынды азық-түліктер мен  басқа да заттардың бағасы бұрынғымен салыстырғанда еселеп өскен. Сонымен қатар жыл сайын көмір бағасы да  өсіуде. Мәселен, бұрынғы жылдары 9-10 мың, кейін 13-14 мың теңгеден саудаланып келген бір тонна көмірдің бағасы қазір 21 мың теңгеге дейін жетті. Бұл топан су жүрсе тобығынан келмейтін бай-манаттарға еш әсер етпейтін болуы мүмкін. Бірақ күнделікті тапқаны тамағына жетпейтін қарапайым халық үшін тым ауыр. Оның үстіне қазір күз мезгілі халық қалтасындағы жиған-терген, азын-аулақ тиын тебенімен оқушы балаларын киіндіріп, студенттерін аттандырды. Сондықтан да халықтың уақыт өткізбей көмір түсіре қоюын қалтасы белгілейді»,  –дейді өңір тұрғындары.  

                                                                          

                                                                            Айдын КӘЛІМХАН 

Фото: freepik.com