ҰЛТ СУСЫНЫН ҰЛЫҚТАҒАН

Уақыты: 29.05.2018
Оқылды: 1347
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

   Райымбек ауданындағы  Сарыжаз ауылында тұратын Жайнақ  Қосақбаев бүгінде сексеннің мол ішінде. Ғасырға жуық өмірі де өнегеге толы. Сергек те ширақ, қажырлы қалпында. Ұйытып алар әңгімесі де жетерлік.

 

   Жайнақ Күлдібайұлы 1934 жылы Қытай жерінде дүниеге келіпті. 1959 жылы атажұртына өткен. Бала кезінен малды ауылдың қысы-жазы бір-бірімен ұштасып жататын тірлігіне қанып өседі. Мұнда келгеннен кейін де өмірін төрт түлікпен ұштастырды. Қайнар, Тасашы ауылдарында жылқы бақты. Жай ғана бақташы емес, озат жылқышы атанды. Нәтижесінде марапаттан да құралақан болған жоқ. Сол үшін де жұрттың алды болып «Москвич» жеңіл көлігіне ие болды. Оның бәрі өткен күндерінің жақсы бір естелігі, ауыз толтырып айта жүрер әңгімесі іспетті.
   Қазір Жайнақ атамыздың бір үйірден астам жылқысы, жиырмаға тарта ірі қарасы, жүзге тарта қой-ешкісі бар. Осының  бәрін қысы-жазы өзі қарайды. Малдың, қораның жұмысын тап-тұйнақтай жүргізеді. Бар шаруаға шыңдалып, төселіп кеткен. Қашан барсаңыз да ауласында мініске деген күтімді аты тұрады. Ертелі-кеш сол атқа мініп, таза ауада малын бағып қайтады.
   «Еңбектің наны тәтті» демекші, күнделікті бал татыған қымызын ішеді. Күбіге қарағайдың бүрімен ыстап, бабына келтіре дайындайтын қымызы қандай десеңізші, шіркін?! Осы уақытқа дейін шаңырағынан ұлық сусынның иісі арылмапты. Содан ба, күнделікті өмірі еңбекпен өтіп жатқан Жайнақ атаның денсаулығы да жақсы. Сексенге келіп шау тартып отырған қариялардан ауылы алыс. Бие сауғанды да жақсы көреді.  
– Алла қаласа, алдымызда келе жатқан шілде айының бас кезінде ел-жұртыма мерейлі тойымды жасап бермекпін. Сол тойда жердің төсін дүбірлетіп аламан бәйге ұйымдастыру ойда бар. Оның алдына көлігі бар жеті бәйге берсем деп ниеттеніп отырмын. Тойдың болғаны жақсы ғой, елдің басын қосып қойғанға не жетсін?! Өткен өміріме өкінішім жоқ, – дейді Жайнақ ата ағынан жарылып.
   Өмірі өнегеге толы осындай қарттарды көргенде қуанып қаласың.  Шаңырағынан қысы-жазы қымыз үзілмеген шаңырақ. Ерте көктемнен-ақ бие байлайды, бабына келтіре қымыз дайындайды. Сұраныс иелерін ренжіткен жерлері жоқ. Қоңыр күздегі қымыздарының денін шыны ыдысқа құйып, қысқа қамдап қояды. Сөйтіп, қыстағы әртүрлі қуанышты дастарқанда, соғым басы кезінде Жайнақ ата иісін бұрқырата қымызын дастарқан басына қояды. Жыл сайын таңдап тұрып бір жылқысын соғымға сойып алатын атаның дастарқанынан қазы-қарта, жал-жая, сүт өнімдері үзілмейді. Жайнақ ата қазір жеті бие байлап отыр.
   Жайнақ ата ауылдағы ең өсіп-өрбіген, өнегелі отбасы. Қуаныш, Болысқан, Қозыкөрпеш, Амантай, Әйімхан, Әйкен, Лашын, Мөлдір секілді 4 ұл, 4 қызы бір-бір шаңырақ құрып отыр. Сан түрлі мамандық иелері. Олардан немере мен шөбере өрбіп отыр.
   Атаның Нұрбүбідей жары 2007 жылы дүние салыпты. «Орнында бар оңалар» демекші, қазір  уақытылы шай-суын қамдап, жылылап төсегін салып беретін Майрадай анамен көңіл жарастырған. Жүзінен аналық мейірімі төгілген, кеңпейілді Майра ананың бойында өзгеше қасиет бар. Құмалақ ашып, ат арытып келген жоқшы жандарға жол нұсқап отырады. Көктем шыға қымызын дайындайды. Жақсылап сары май, құртын жинайды. Ең бастысы, ауыл тірлігіне жаны құмар, малды ауылдың шаруасына епті ананың да әр күні берекелі іске толы. Жайнақ ата екеуінің шаршап-шалдығып отырғанын көрмейсің. Қымыз иісі аңқып, өмір оты жанған шаңырақтан көңіліміз көтеріліп аттандық.

Қанат БІРЖАНСАЛ
Сарыжаз ауылы,
Райымбек ауданы