ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ - ОРТАҚ МІНДЕТ

Уақыты: 29.05.2018
Оқылды: 6526
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

     Достық үйінде облыстық экология департаменті ҚР Экология саласы құрылғанының 30 жылдығы мен Халықаралық қоршаған ортаны қорғау күніне орай экологиялық форум ұйымдастырды. Аталмыш шара Талдықорған қалалық медициналық колледж студенттерінің флеш-мобымен басталды. Одан ары құттықтау сөз айтылып, өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Сондай-ақ, осы салада еңбек етіп жүрген ұжым мен мамандар облыс, қала әкімдерінің, облыстық экология департаменті директорының Алғыс хатымен марапатталды. Форумның негізгі бөлігі Достық үйінің мәжіліс залында өткен конференциямен жалғасты. Онда ардагер экологтар мен ғалымдар, облыстық басқарма басшылары қоршаған ортаны қорғауға қатысты тың ой, жүйелі ұсыныстар айтып, болашақ жоспарымен бөлісті.

 

   Қазіргі уақытта экологияны сақтау кез келген мемлекеттің күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Өйткені, ол адамзат тіршілігінің маңызды факторы. Біздің айналамыздағының бәрі – табиғат, біздің өмір сүріп жатқан ортақ әлеміміз. Технология ілгері дамыған сайын жасыл ортаның нашарлағанын жасыра алмаймыз. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Ықылым замандардан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, аста-төк ысырапшылдыққа ұласты», – деп атап өтті. Соның кесірінен, Жер-ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен шөлге айналды. Осының бәрі жерге аса немқұрайды қараудың ащы мысалы.
   Десе де,  Жетісу өңірі жер жаннаты деген атпен танымал. Жетісудың экологиялық жағдайының заң талаптарына сай бақылауда болғаны, басқа өңірлерге үлгі ететін жетістіктермен толығып отырғаны жөн. Осыған орай жыл сайын өңірде облыстық әкімдіктің  ұсынысы мен, облыстық мәслихаттың шешімімен қыруар жұмыс істелуде. Форумда осы жайлы тоқталған облыстық экология департаментінің директоры Қонысбек Байеділов өңірдегі қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық тұрақтылықты сақтауға, қатты тұрмыстық қалдықтар  полигондарының құрылысына, қалдықтарды жою, атмосфералық ауа қабатын бақылау, мамандандырылған экологиялық бекет жұмысын ұйымдастыруға қыруар қаржы бөлініп, игерілгені туралы айтып берді.   
   Қазіргі таңда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісі бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Қазір облыстың 772 елді мекенінде жалпы көлемі 1113,6 гектарды құрайтын 513 заңдастырылған күл-қоқыс үйіндісі бар. Полигонға жылына 800 тоннадан  аса тұрмыстық қатты қалдық тасымалданады. Қазақстан  Республикасы Экологиялық  кодексінің 299-бабына сәйкес 2-сыныпты қауіпсіз, ірі қатты тұрмыстық қалдықтар Қарасай, Іле, Талғар, Алакөл, Кербұлақ, Ескелді, Жамбыл аудандары мен Талдықорған қаласындағы полигонға жинақталады. Алайда сол полигондағы қоқысты сұрыптау, өңдеу ісі өз деңгейінде жүргізіліп жатқан жоқ. Жиналыста І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Ph D докторы Дәурен Бекежанов осы мәселені шетелдік тәжірибеге сүйене отырып жүзеге асырудың жолдарын ұсынды.
   Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әрбір шаруашылық жүргізуші нысан  іске қосылғанға дейін экология бойынша нормативті рұқсат құжаттарын рәсімдеуі тиіс. Алайда қалдықтардың орналасуы бойынша кадастр ісін  тіркеу және көму жұмысының есебі дұрыс жүрмегендіктен экологиялық-санитарлық талаптарды сақтау ұдайы бұзылуда. Сондықтан, бұл мәселені Елбасы тапсырмасымен атқарылып жатқан «Жасыл экономикаға» көшу бағдарламасы аясында шешуге болады. Бірақ, мұның құқықтық негізі  қалыптаса қоймағаны белгілі. Соның салдары мен себебін І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің PhD докторы Ғалым Телеуов «ҚР Жасыл энергетикасын құқықтық қамтамасыз етудің кейбір жолдары» атты баяндамасында толық баяндап берді.
   Біздің заманымызда экология – шектеулі тіршілік көзі. Негізінен, оның шектеулі екені бұған дейін де белгілі болатын. Бірақ шексіз көрінген шикізат қорының сарқылуы күн тәртібіндегі күрделі мәселеге айналды. Сондықтан да халықты экология ғылымдарының негізгі бағыттарымен таныстырып, аталмыш мәселеге мұқият көңіл бөлу керек. Форум барысында сөз алған облыстық «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Меруерт Абылқасымова осыған қатысты ойын ортаға салды.
   Әрине, ата-бабаларымыз көзінің қарашығындай қорғап, бізге аманаттап кеткен туған жердің табиғатын сақтау, бүлдірмей қорғау – бүгінгі ұрпақтың борышы. Жасыратыны жоқ, табиғат байлығы жоқ кейбір елдер қолдан жасаған жасанды көркемдіктері арқылы мол пайдаға кенеліп отыр. Біз бай да бағалы табиғи байлығымыз болса да дұрыс пайдалана алмайтынымыз шындық. Форумға қатысқан көпшілік осы тұрғыдағы кемшіліктерді жөнге салып, туған жердің тұғырын биіктетіп, өңір экологиясын қорғауға атсалысуға келісім беріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарады.

Қажет АНДАС.