ЖОЛДАҒЫ ЖОЛСЫЗДЫҚ

Уақыты: 29.05.2018
Оқылды: 1145
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

   ҚР Инвестиция және даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Самат Ғилимовтың төрағалығымен карьер иелерінің және уәкілетті органдардың қатысуымен жиын өтті. Онда жүктерді тиеу және түсіру пункттеріндегі көлік саласындағы заңнамалардың сақталуына қатысты мәселелер айтылды.

 

   Жиында алдымен облыстық көліктік бақылау инспекциясының атқарған жұмысы туралы сөз болды. Бүгінде облыста «Хюндай» және «Газель» автокөлік базасынан құрылған екі жылжымалы көліктік бақылау бекеті жұмыс істейді. Өткен жылы осы бекеттерден 6689 автокөлік тексеріліп, анықталған құқықбұзушылықтар бойынша 1104 әкімшілік іс қозғалып, 33 млн. 269 мың теңге айыппұл салыныпты. Сондай-ақ, облыс жолдарынан ауыр салмақты және ірі көлемді автокөлік құралдарының жүріп өткені үшін 5 млн. 324 мың теңге алым сомасы жиналыпты. Сонымен қатар, ауыр салмақты және ірі көлемді автокөлік құралдары жүріп өту үшін 441млн. 139 мың теңгелік 14340 дана арнайы рұқсат берілген. Биылғы төрт айдағы көрсеткіш бойынша салынған айыппұлдың көлемі мен ауыр салмақты және ірі көлемді автокөлік құралдарының жүріп өтуі үшін берілетін рұқсаттың салыстырмасы өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 35 пайызға артық.
   Әрине, жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етудің белгіленген қағидалары бар. Мысалы, техникалық сипаттамаға сәйкес ҚР Инвестиция және даму министрлігінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №34 бұйрығымен үш білікті автокөлік үшін жол берілетін салмақ 25 тонна болып белгіленген.  Алайда, күрежолдарда 33-35 тоннаға дейінгі жүк тиеген көліктер жиі кездеседі. Бұл айналып келгенде жолға зақым келтіріп қана қоймай, адам өміріне қатер төндіреді. Жиында осы келеңсіздікті жоюдың жолдары талқыланды. Осы ретте карьер иелері де өздерін толғандырып жүрген ұсыныстарын ортаға салды. Олардың сұрағына Самат Қуанышұлы  ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіндегі белгілемелер бойынша жауап берді.

Қ. ОМАРАҚЫН