КӨШЕ КӨРКІ - КӨКЖЕЛЕК

Уақыты: 29.05.2018
Оқылды: 1171
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

   Тіршілік атаулыны түрлендірген көгілдір көктемде тазалық шараларын жасау алғашқы орында тұратыны белгілі. Қоршаған ортаны күл-қоқыстан тазартып, арық көзін ашып, ағаш отырғызу жұмыстарын уақытылы атқару әрбір азаматтың абыройлы міндеті болмақ. Бұған ауыл болып атсалысса істің ілгерілегені емес пе?!

 

   Міне, ынтымақ-бірліктің ұйытқысына айналған Талғар ауданы, Белбұлақ ауылдық округіне қарасты Бірлік, Талдыбұлақ ауылының тұрғындары да түгел сенбілікке қатысып, науқандық істің бел ортасынан табылуды әдетке айналдырған. Оған ауыл тұрғындарының жұдырықтай жұмыла еңбек етуі дәлел болса керек. Нәтижесінде ауыл көшелері көз тартарлық қалыпқа келуде.
   Санитарық тазалық айлығына белбұлақтық тұрғындар да белсене атсалысуда. Айталық, 2300 аула түтін түтететін ауылда бүгінгі күнге дейін көшелер толық тазартылып, ағаш діңдері әктелген. Көше көркі – көкжелек екендігіне баса назар аударған ауыл әкімі Аслан Қасымбаевтың ұйытқы болуымен қоғамдық орындарға 150 түп ағаш көшеті отырғызылып, ауылды жасыл желекке айналдыру жұмыстары қарқын алған.
– Ауылдың таза болуы – тұрғындар денсаулығының кепілі. Сол себепті, біздің коммуналдық шаруашылық жұмысшылары аптасына екі реттен белгіленген кесте бойынша жиылған тұрмыстық қатты қалдықтарды сыртқа шығарып отырады. Айналаның тазалығын сақтауға, жұмысты кідіріссіз атқаруға қажетті техника түрлері жеткілікті, – дейді «Ауыл» коммуналдық шаруашылықтың басшысы Мұрат Мұсабеков.
   Жеті адам еңбекке тартылған шаруашылықтың қысы-жазы тоқтаусыз жұмыс істейтіні анық. Қыста жол тазалау, құм, тұз себумен айналысса, жаз бойы тазалық жұмыстары кідіріссіз атқарылады. Ал қоқыс шығарудың қиындығы мен адам өмірі үшін қауіптілігіне екінің бірі аса мән бермейтіні айдан анық. Соған қарамастан шаруашылық жұмысшылары еңбектерін еселей түсуде.
   Ауыл тазалығын сақтап, гүлдендіруге Белбұлақтағы медреседе білім алатын балалардың айрықша атсалысып отырғанын атау абзал. Имандылықтың ұйытқысына айналған медресенің директоры Рашид Мухибдинов пен ұстаздары Бауыржан Есмұрзаевтың жетекшілігімен жас жеткіншектер сауапты іс атқарудан еш аянып қалмауы қуантады. Бұған қоса, округке қарасты 4 мектеп, 3 амбулатория, 3 почтада еңбек ететін мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлердің де төккен терлері аз емес. Жалпы, осы уақытқа дейін аталған округ бойынша 10 мың метрден астам арық тазартылып, 50 тоннаға таяу қоқыс сыртқа шығарылған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Ұ. БӨРІБАЙҚЫЗЫ
Белбұлақ ауылы