Мейірімділік - анадан, әдептілік - данадан

Уақыты: 07.06.2018
Оқылды: 3522
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мектептегі тәрбие сағатына осы тақырып арқау болды.  Төрдегі жарты кереге жанында ұлттық тағам толы дастарқанды айнала ауыл ақсақалы Хамен Смағұлов, әжелер Күлшарбан, Ұлтуған, олардан төменірек жас балалар жайғасқан. Олар «Айым болып тудың ба, күнім болып тудың ба?» деп әндетуде. Сол жақ қапталда екі қыз кілем тоқып отыр. Үлкен терезе жақтауларына ұлттық жәдігерлер мен түрлі қолөнер бұйымдары, көркемсуреттер қапталдай қойылған. Оң жақта ұзын үстелді жағалай отырған жоғары сынып оқушылары. Осы көріністің өзі кештің өзгеге ұқсамайтындай ұйымдастырылғанынан хабар бергендей еді.

Жүргізуші мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанар Жамантаева алдымен мейірімділік сөзінің мағынасын айта келе, жас тілшілердің сұхбатынан бейнеролик көрсетті. Онда 7-сынып тілшісі балабақша тәрбиешілерінің, 8-сынып тілшісі ардагер ана Ұлжалғас Алдабергенованың, 10-сынып тілшісі 8 бала тәрбиелеп, 23 немере сүйіп отырған Нұрғайша Қозыханованың пікірлерін ортаға салды. Мысалы, балабақшада бүлдіршіндер ойын үстінде мейірлендіретін тәтті қылықтар көрсетсе, Ұлжалғас апай біреулер тастап кеткен күшік пен марғауға сүт бере отырып, немерелеріне мейірімділік осындай қамқорлықтан туатынын түсіндіруде. Нұрғайша ана да қартайғанда немерелерінің қызығын көріп, өзін бақытты санайтынын айтты.
Иә, жазушы Ілияс Есенберлин: «Дүниедегі ең бақытты адам –мейірімді жан» деп бекерге айтпаған екен. Мейірімділік – аналарға тән асыл қасиет. Бала оны ең алғаш тал бесіктен, ана сүті арқылы сезінеді. Содан барып өсе келе өзі де мейірімді тұлға болып қалыптасады. Мұнан соң үстелде отырған балаларға 2 минуттың ішінде гүлдің суретін салуға тапсырма берілді. Одан кейін салған гүлін 7-сыныптағылар ортаға қойылған адам сұлбасының аяғына жапсырып тұрып, мұнысын: «Адам мейірімділікке қадамды аяғымен жасайды» деп түсіндірді. 8-сынып қолға жапсырып: «Мейірімділікті қолмен атқарады», – деді. 10-сынып басқа жапсырып: «Мейірімділікті баспен ойлайды» десе, 11-сынып жүрекке қойып: «Мейірімділік жүректен шығады» дегенге тоқталды. Аталған мүшелердің барлығы қосылғанда шынайы мейірімді іс атқарылатынын жүргізуші айтып, қорытынды жасады. Үстел басындағы 2 топқа бөлінген оқушылар жүргізушінің «Отбасында мейірімділік кімде көп болады?», «Біреудің қайғысына ортақтасу мейірімділікке жата ма?», «Біреуге соңғы рет жасаған жақсылығың есіңде ме?», «Қатыгездікке мейіріммен жауап беру қолыңнан келе ме?» деген сияқты бірқатар өміршең сұрақтар қойып, оның нақты жауабын шәкірттер өз пайымдауларынша емін-еркін жеткізді.
Шара барысында 11-сынып оқушылары көрсеткен сахналық көрініс те тамаша орындалды.
Менің есіме қайран шешем Қанымбике Мырзатаева түсті. Ол 1943-1946 жылдары қираған Сталинград қаласын қалпына келтіруге қатысқан. Соғыс басталғанда өкімет ішкі Ресейде тұратын немістерді әкеліп, ауылдарға тастапты. Олардың ішінде ағайынды Клара, Сандер, Рихард Шмид деген балалар да болды. Қараша айының қара суығында үсіп кетуге шақ қалған балаларды менің әкелерім жер тамның ішіндегі жалғыз қазанға сабан төсеп, астынан аздап қамыс жағып отырып жылытып, ыстық сорпа, сүт, қатығын ішкізіп жүріп аман алып қалған екен. Кейін Есеболатов атындағы орта мектептен зейнеткерлікке шыққан анам соғыстың зардабынан екі аяғын баса алмай, 30 жылдай төсек тартып қалды. Сонда Рихард келіп халін сұрап, дәрі әкеліп беретін. Қайтыс болғанда анамызды бізбен бірге қазақша жоқтап жылады. Міне, мейірімділік жолы сол аналарымыздан қалғанының бір дәлелі. Ұлтына қарамай, айдаладан келген неміс балаларын бауырына басып, барын бөліп ішкен анамыз шын мәнінде дана екен ғой... «Мейірімділік анадан, әдептілік данадан» деген бүгінгі көтерілген тақырып та содан шықса керек. Ұлжалғас соны көзі көрген адам, оны біз жеңгеміз ретінде еркелетіп әлі күнге Жалған деп атаймыз.
Мәні зор аталмыш шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Айтбаев, әйелдер кеңесінің төрайымы Бақыт Құрманғалиева, аудан әкімі аппараты жанындағы баспасөз қызметінің хатшысы Құрмет Мэлсбекқызы өз пікірлерімен бөлісті. Н. Есеболатов атындағы орта мектеп директоры шараны қорытындылап, ауыл ақсақалы Хамен Смағұлов бата берді.
Ел тарқарда ауылдың қарттарымен әңгімелесудің сәті түсті.
– Балалардың сөзінде жаттау, жасандылық жоқ. Бәрі шынайы. Жүргізушінің сұрағына бейнероликтегі жасаған жұмыстарын көрсету арқылы жауап беріп тұр. Олар Ұлжалғастан сұхбат алардың алдында оның ауласын тазалап, басқа да үй шаруаларына көмектесіп, мейірімді іс жасағандарына көзіміз жетті, – деді жетпістен асқан журналист-ұстаз Қыдыр Шанкетов. 
Мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген ардагер Молдахан Сағымбаев: – Сыныптарда жыл басынан «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы бойынша ұлттық салт-дәстүрлерімізге байланысты түрлі жиын, кездесулер өтіп келеді. Бүгінгі тәрбие сағаты – соның жемісі, – деген ойымен бөлісті.
Бұрынғы интернат тәрбиешілері Ұлтуған мен Гүлбаршын да сөзге араласып: – Өміріміз осы мектеппен тығыз қарым-қатынаста өтіп келеді. Білген аналық ақылымызды кейінгі жастарға айтудан жалықпаймыз. Себебі, тыңдайтын құймақұлақ ұрпақ өсіп жатыр, – деген пікірлерін ортаға салды.
Иә, айтса айтқандай, кезінде Кеңес Одағының Батыры Нұрсұлтан Есеболатов, ғалым Болат, Қасымжан Тәңірбергенұлы, қос «Құрмет» орденді Қосымхан Рақымов, Қазақстанның Құрметті журналисі Нұртілеу Иманғалиұлы, есімдері республикалық «Алтын қорға» енген ақын Ораз Жұмашев, Жамау Бұқарбайлар шыққан ауылдың балалары осылай тәрбиелену үстінде.

Мұхаметәлі ҚАЗБАНБЕТОВ
Есеболатов ауылы,
Ақсу ауданы