«Көктал-Арасанға» жол тартты

Уақыты: 07.06.2018
Оқылды: 2332
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Баланың қоғамға деген белсенділігін арттырып, шығармашылығын дамытып, қызықты саяхаттарға шығарып, танымын кеңейту қажет. Осы орайда білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Талдықорған аумақтық ұйымы облыс орталығындағы «Жастар» саябағында 100 баланы «Көктал-Арасан» емдеу-сауықтыру кешеніне салтанатты түрде шығарып салды.

Жазғы демалыс әр бала үшін шаттықты кезең. Иә, оқу мезгілі аяқталып, еркіндікке, қызықты істерге құлшыныс жасауға уақыт туған сәт кез келген балғынды қуанышқа бөлейді. Бірі ауылдағы ата-апасына жол тартса, бірі үлкен шаһарларға саяхаттауға кетеді. Ал кейбірі сауықтыру орталықтарына барып, жанына рахат табады. «Жастар» саябағына жиналған әр баланың жүзінде шаттық, езуінде күлкі. Оқу кезеңінде жұмсалған күшінің орнын толтыру сәті келген. Ата-аналар да балаларының ми сергітіп, тынығып келулеріне бар мүмкіндік жасаған. Жолға аттанар автобустар да сақадай сай. 
Маусым басынан аяғына дейін 1000 жеткіншектің денсаулығын түзеп, тынықтыратын «Көктал-Арасан» сауықтыру орталығы биыл 200 балғынның да көңілін сәнді, жазғы демалысын мәнді етпек. Алдағы күндері балдырғандарды көптеген қызық күтуде. Олар Панфилов ауданында орналасқан сауықтыру кешенінен 10 күн бойы қажыр-қайрат жинап келеді. Атап өтсек, радон ваннасы, емдік дене тәрбиесі, массаж, түрлі қызықты шаралар балалардан бар мүмкіндігін аяп қалмайды. Олар тек денсаулықтарын түзеп қана қоймай, спортпен шұғылданып, өнерлерін өркендетіп, шеберліктерін шыңдамақ. Сондай-ақ, Жетісу өлкесінің кереметтеріне қанығып, әулиеағаш, шегесіз бой көтерген Жаркент мешіті сынды киелі орындарды араламақ. Алғашқы ауысым бойынша Алакөл, Ақсу, Сарқан, Көксу аудандарының, Текелі қаласының балалары демалмақ. Ал екінші ауысымға өңіріміздің қалған аудан, қалаларының балдырғандары жолдама алады. Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров балаларға бата беріп, жолдарына сәттілік тіледі.

Құралбек  СӘБИТОВ