Елбасы жолы - жастарға үлгі

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 1530
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Халқының жартысына жуығы ауыл-селода тұратын Қазақстан Республикасы үшін аграрлық саланың дамуының, білім мен ғылымның алар орны ерекше. Мамандардың пайымдауынша, ауылшаруашылығы саласын бәсекелік қабілеті жоғары деңгейге көтере алсақ, ең дамыған елдердің қатарынан көріну мүмкіндігіне ие боламыз.

Қазақстанның аграрлық экономикасын, білімі мен ғылымын заманауи талапқа сай түлетудің өзекжарды міндеттері Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жан-жақты тиянақталса, одан кейін көтерілген «Бес әлеуметтік бастамасында» қарастырылған білім алушы жастарды қолдау саясаты да бұл үдеріске серпін берері сөзсіз.
Президенттік стратегия мен жобаларды жүзеге асырудың алдыңғы шебінде Қазақ ұлттық аграрлық университеті келе жатыр. Оның  жетістіктері баршаға аян. Аталған оқу орнын мыңдаған түлектер бітіріп шығып, агроөнеркәсіп саласының өсіп-өркендеуіне мол үлес қосты. Биылғы Жолдаудағы: «...аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керек. Олар диплом беріп қана қоймай, ауылшаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды даярлауға тиіс» – деген жолдар оқу орны басшылығы мен ұжымын тың ізденістерге жетелейді. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, ұстаздармен, студент жастармен ақылдаса келе, болашақ мамандардың санасын жаңғыртатын, яғни бәсекелік қабілетін, прагматизмін арттыратын, білімнің салтанаты мен сананың ашықтығын қамтамасыз ететін ең пәрменді іс-шара тұңғыш Президентіміздің қайраткерлігін, мемлекеттік қызметін, Қазақстан жолын жүйелі насихаттау әрі зерделеу деп ұйғарылды. Сонымен, қызу жұмыс басталып кетті. Университетте түрлі қоғамдық бірлестіктер мен клубтар бұрыннан жұмыс істейтін. Мәселен, 2004 жылы Қазақстан ЖОО-ларында тұңғыш рет «Достық» студенттік ассамблеясы құрылған еді. Ассамблея құрылған күннен бастап республиканың қоғамдық-мәдени өміріне, рухани тыныс-тіршілігіне белсене араласып келеді. 2006 жылы ассамблея мүшелері Астана қаласында өткен республикалық жастар форумына қатысты. 2008 жылы университеттің көшбасшы студенттерінің бірі, ассамблея мүшесі Айсят Балаева Қазақстандағы гендерлік саясат мәселелері бойынша Елбасы  Н. Назарбаевпен болған кездесуге Қазақ ұлттық аграрлық университеті студенттері атынан қатысу құрметіне ие болды. Ол осы кездесуде университеттің тәрбие саласындағы тәжірибесі туралы айтып берді. 2010 жылдың мамыр айында «Достық» студенттік ассамблеясы университеттің 80 жылдығына орай «Наурыз бен Масленица» деп аталатын ертегі-спектаклін сахналады. Бұл шараның басты идеясы –  әртүрлі ұлттың  салт-дәстүрі мен дініне қарамастан өзара тату болуының маңызын және этносаралық достастықты насихаттау. 
Аталған шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени орталықтардың өкілдері қатысып, студенттеріміздің өнеріне ризашылық білдірді. 2012 жылдың 27 сәуірінде Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясына біздің «Достық» студенттік ассамлеясының белсенді мүшелері, университет студенттері Зарина Талуенко, Зулихан Каримова, Оксана Гефт қатысты. Осы сессия жұмысы барысында Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен «Қазақстан халқы Ассамлеясының Қоры» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Одан бөлек,  Б. Римова атындағы «Әдеп» клубы, О. Сүлейменов музейі жастар руханиятына жағымды реңк беріп, жан дүниелерін байытуда.
Міне, осылардың бәрінің жұмысын орталықтандыру үшін Елбасы мен Қазақстан жолын санаға сіңіруге қызмет ететін құрылымдық бөлімше құру қажеттігі күн өткен сайын білініп тұрды. Ізденіс зая кетпеді. Университет ректоры       Т. Есполовтың жан-жақты қолдауы арқасында «Н. Назарбаев білім және ғылым орталығы» дүниеге келді. 2-сәуір күнгі салтанатты ашылуына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Г. Исимбаева, Г. Ықсанова, З. Аманжолова қатысқан орталық төрт бөлімнен тұрады. «Менің Президентім» залында «Бастау», «Құрышпен шыңдалған», «Саясат саңлағы», «Сын сағаты», «Астана – тәуелсіздік мақтанышы», «Бірлік пен келісім», «Руханият», «Қазақстан және әлем», «Ұлы күн» стенділері қойылған. 100-ге жуық құжаттар, жәдігерлер, фотоматериалдар, кітаптар, газет мақалалары Шамалғандағы қоржын үйде тұрып, Қаскелеңдегі шағын ғана мектептен түлеп ұшқан қарапайым қазақ баласының әлем таныған тұлғаға айналғанын қысқа да нұсқа түрде баяндайды. «Менің университетім» залындағы 50-ге жуық жәдігер ҚазҰАУ тарихынан хабар береді. Мұнда келгендер оқу орны базасындағы Агротехнологиялық Хаб құрамына кіретін Қазақстан – Жапон, Қазақстан – Беларусь агроинженерлік, Су, Тұрақты егін шаруашылығы, Агроөнеркәсіптік кешенге сандық технологияларды енгізумен айналысатын Ситуациялық орталықтармен, Инновациялық жылыжай, Коллекциялық бақ, «Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде мамандар даярлауға арналған оқу, ғылыми-зерттеу зертханаларымен танысады. Одан кейінгі бөлмелерде орналасқан Елбасы кітапханасында 1000-ға жуық кітап, журналдар, олардың элек-             трондық нұсқасы шоғырланған. Университетте 20-дан астам ұлт өкілі білім алуда. Олардың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, мәдениеті студенттердің «Достық» ассамблеясына арналған залда ұлықталған.
Ашылғаннан бері өткен екі айдан астам уақыт ішінде орталықты университет студенттерінен басқа оқушылар, зиялы қауым өкілдері, алматылық қонақтар тамашалады. Құрметті қонақтардың ішінде Үкімет басшысының орынбасары Өмірзақ Шөкеев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Елбасы кітапханасы директорының орынбасарлары                  Ә. Рахымжанов пен К. Ақтаева болғанын мақтан етеміз. «20 мың шақырымдық сапар бірінші қадамнан басталады», – дейді қытай нақылы. Орталық алғашқы қадамдарын жасауда. Ол Елбасы бастамаларын, университет болашағын ұлықтауға, Рухани жаңғыруға олжа салуда.

 Ханкелді Әбжанов,
ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, ҰҒА академигі