Қолы ашықтың жолы ашық

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 1599
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мүмкіндігі шектеулі жандар – қоғамның толыққанды мүшесі. Олай дейтініміз, жаһандану кезеңінде ел дамуына олар да үздіксіз үлес қосып келеді. Тіпті, аяқ-қолы балғадай азаматтардың өзінен асып түсіп, айналасындағыларға үлгі көрсетушілер көпшілік. Осыған орай жергілікті билік мүгедектерге барынша қолдау көрсетуде. Нәтижесі де жоқ емес. Оның бірден-бір көрінісі Талдықорған қаласындағы «Асар» автоеріктілер қозғалысы. Ашылғанына небәрі бір жылдан асса да мүшелерінің саны қазір 200-ге жуықтады. Сол арқылы олардың жүздерінен қуаныш табы байқалып, өмірге деген құлшыныстары ашылды.

Автоеріктілер қозғалысы «Асар» спорттық-оңалту орталығының төрағасы Елдос Баялышбаевтың бастамасымен 2017 жылдың ақпан айында құрылып, бүгінгі күні белсенді түрде жұмыс жүргізуде. Талдықорған қаласындағы мүгедектерді тасымалдау, қажетті жеріне апарып, алып қайту мақсатында қала тұрғындары өз еріктерімен тегін тасымалдайды. Тек қана мүмкіндігі шектеулі жандарды ғана емес, қарттарға да көмек көрсетіледі. 160 шақты ерікті жергілікті тұрғындар қатарынан болса, 60 шамалысы «Lexus» клубынының тарапынан. Одан бөлек «400–400» таксиі де тегін тапсырыспен тасымалдайды. Автоеріктілердің әртүрлі әлеуметтік желілерде топтары да бар. Тапсырыстың басым бөлігі «WhatsАpp» желісінде қабылданады. Екі бірдей диспетчер Гүлмира Өтениязова мен Индира Ахметова есімді мүмкіндігі шектеулі жандар күн-түн демей телефон тұтқасының қасынан табылады. Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі ай сайын еңбекақыларын төлесе, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы жастарға қызмет көрсету орталығынан жеке кабинет беріп отыр. Сол үшін де айтар алғыстары ерекше.
– Таңғы тоғыздан кешкі беске дейін осындамыз. Төрт қабырғаға қамалып отырғанан гөрі ел қатарлы еңбек ету біз үшін үлкен мәртебе. Жұмысымыз қатты ұнайды. Өзіміз мүгедек бола тұра пайдамыздың тиіп жатқанына қуаныштымыз. Қатып қалған уақытпен жұмыс істемейміз. Ұйықтап жатсақ та телефон қасымызда. Кез келген сәтте тапсырыс қабылдап, еріктілерге жолдаймыз, – дейді диспетчер Гүлмира Үрметқызы. 
Көшедегі билборд, ғаламтордағы жарнамалар арқылы хабарласып қатарға қосылғысы келетіндердің саны күн сайын арту үстінде. Ол дегеніміз, қайырымды жандардың көптігін айқындап тұр. Тіпті, Алматы қаласының тұрғындары хабарласып, Талдықорғаннан емделуге немесе жұмысымен барған жандарды тасымалдауға өздері ұсыныс тастап, қазір іс жүзінде сөздерін дәлелдеп жүр. Биыл ақпан айында бір жылдығын атап өткен қозғалыс, белсенді деген еріктілерді марапаттап, сый-сияпат ұсынды. Ең көп тасымалдаған жүргізушілердің мерейін өсіру үшін ендігі уақытта тұрақты түрде осындай кездесулер өткізуде жоспарлап отыр. Белсенді автоеріктілердің қатарынынан кәсіпкер Мансұр Құрманғалиевті ерекше атап өтуге болады. Қолы қалт етсе болды көмекке шығады. Өзінің көлігі жүрмей жатса, ата-анасының көлігімен де тасымалдай береді. Өз сөзінде ол:
– Қозғалыс құрылғалы бері мүшелікке ендім. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек беру арқылы Алладан сауап алғым келеді. Бір жағынан танысып, білісіп, пікір алмасып, ерекше қарым-қатынас орнатуға болады. Әрі кәсібіме қатысты болса, әріптестік орнатуға да таптырмас мүмкіндік. Автоеріктілердің қатарынан көрінуді өзіме борыш санаймын. Және аз да болса еңбегімді елеп марапат көрсетіп жатқандары үшін ыстық ықыласымды жеткізгім келеді, – деп қай уақытта болмасын қолдан келгенінше аянып қалмайтынын жеткізді. Әрі өзі секілді басқа да көлігі бар азаматтарды қатарға қосылуға шақырды.
Қазір республиканың әр жерінде «инватакси» қызметі іске қосылған. Алайда ол барлығын бірдей қамти алмайды. Осы тұрғыдан келгенде автоеріктілердің ықпалы шаш етектен. Әрі «Асар» спорттық-оңалту орталығына емделушілер Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті, көршілес елдерден де келеді. Мысалы, Қырғызстан Республиксы Ош қаласынан Динара Ражанова есімді бірінші топ мүгедегі қазір ем алуда. Басында 1 ай ғана уақытқа келген ол қазір екінші айға қалып емделуде, үшінші айға да қалуға ниетті. Оның сөзінше, орталықтың ықпалымен оңалып жатқан көрінеді. Аяқтан тұрып кетуге де ниетті. Алланың қалауымен сол күнге жету үшін еңбектенуде. Уақытша пәтерге тұрақтаған ол алғашында оңалту орталығына қатынай алмай қиналғаннын, кей күндері жаяу баруға тура келгенін айтады. Кейіннен Елдос Қайыркенұлының нұсқауымен автоеріктілердің көмегіне жүгінеді. 
– Басында ыңғайсызданғаным рас. Бірақ диспетчерлердің жауапкершіліктеріне таңым бар. Шақыртқан сәтте қайтатын уақытымды сұрап алып, сол уақытта хабарласып көлік жібереді. Осылайша олармен тығыз байланысқа түстім. Қазір күн сайын автоеріктілердің көмегімен қажетті жеріме барып, келемін. Жүргізушілер мен диспетчерге де үлкен алғыс білдіргім келеді. Бауырлас қазақ елінің қайырымдылығына тәнтімін, – деген ризашылығын ерекше тебіреніспен баяндады.
Еріктілер қатарына енген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдап тұрады. Бұл да билік өкілдерінің қайырымдылық шараға бейжай қарамайтындығының белгісі. Автоеріктілер қозғалысы Қазақстан бойынша Астана және Талдықорған қаласында ғана бар. Басқа өңірлерде де құрылып жатса нұр үстіне нұр болар еді. «Асар» автоеріктілер қозғалысының ендігі мақсаты – адам санын арттырып, барлық мүгедектерді қамту. Осы уақытқа дейін 1254 тапсырыс орындапты. Тек қана жетер жеріне алып барып, қайтуда емес, сонымен қатар, көшіп келу, қоныс аударғанда да автоеріктілер көмекке келеді. Қысты күні отын, көмір жеткізіп беруді әдетке айналдырған.

Егер еріктілердің қатарына қосылуға ниет танытқандар болса Талдықорған қаласы, Қонаев көшесі, 47, Жастарға қызмет көрсету орталығының бірінші қабаты, 108- кабинетке жолығуға болады. Немесе +7 700 427 3494, +7 707 740 1833, +7 7282 401833 байланыс нөмерлеріне хабарласу керек.

Мәулен Әнербай