Әйелдердің зейнетақы жасы көтеріледі

Уақыты: 21.06.2018
Оқылды: 1267
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

2018 жылдың бірінші жартысында 58 жасқа толатын әйелдерге зейнетақы 2018 жылдың 1 шілдесінен кейін, яғни 58 жас 6 ай толғанда тағайындалатын болады.

Әйелдердің зейнетке ерте шығу мүмкіндіктері сақталады. 
Біріншіден, 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар. Балалы ана жұмыс істемей отырған жағдайда бала күтімі үшін 12 жылдан артық емес,  әр балаға 3 жылдан еңбек өтілі  есептелінеді.  
Екіншіден, төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз – 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтардың «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес:
әйелдердің – 45 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалуына құқығы бар. 
Үшіншіден, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылар үшін егер зейнетақы  жинақтары жеткілікті болып және зейнетақы аннуитетін сатып алған жағдайда зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде 50 жасында зейнетке ерте шығу құқығы сақталған. Бүгінгі күнге  ол сома 12 млн. теңгеден  кем болмауы тиіс.
Базалық зейнетақы төлемін өсіру туралы
2018  жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны  тағайындау механизмі өзгереді. Бүгінгі күнде базалық зейнетақы азаматтың еңбек өтіліне және табысына қарамастан барлығына бірдей мөлшерде тағайындалады. Базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа механизмі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін азаматтардың жинақталған еңбек өтіліне және 1998 жылдан кейін жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі қатысу кезеңдеріне байланысты болуын көздейді.
Базалық зейнетақы мөлшері азаматтардың еңбек өтілінің жиынтығына қарай әртүрлі болады. Еңбек өтілі 10 жылға дейін болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, еңбек өтілі 10 жылдан астам әрбір жыл үшін 2% қосымша есептеледі. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, егер азаматтың еңбек өтілі 33 жылды құрайтын болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі – ЕКД, республика бойынша) 100% немесе 28 284 теңге, 20 жыл еңбек өтіліне – ЕКД-нің 74% немесе 20 930 теңге, 10 жылға дейінгі еңбек өтіліне – ЕКД-нің 54% немесе 15 274 теңгені құрайтын болады. 
 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы  жүйесінің шартты-жинақтаушы компоненті енгізіледі. 
Ол жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің пайдасына 5 % жарналар есебінен қалыптастырылатын болады. Жаңа шартты-жинақтаушы компонент зейнетақымен қамсыздандырудың жинақтаушы, сол сияқты бөліп тарату қағидаттарын қолдайды. Қызметкерлер шартты-жинақтаушы компонентке қатысушылар болып табылады, олардың пайдасына жұмыс берушілер өздерінің қаражаты есебінен қызметкер табысының мөлшерінен есептелетін 5 % міндетті зейнетақы жарналарын жеке шоттарға аударатын болады. Жинақтар шартты болып табылады, мұраға қалдырылмайды және жүйеге қатысушының меншігі болып табылмайды. Зейнетақы төлемдеріне құқық берудің өтілі 5 жылды құрайды. Төлемдер тек зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана жүзеге асырылады.