Білім ошақтарын аралады

Уақыты: 14.07.2018
Оқылды: 1191
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қапшағай қаласына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар іссапармен келді. Сапар барысында  күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатқан психологиялық-педагогикалық түзеу мектебіне арнайы соғып, жұмыстың жай-күйімен танысты. Бұған дейін бұл ғимарат балық зауытының бос қалған кеңсесі болатын. Облыстық бюджеттен қомақты қаражат қарастырылып, күрделі жөндеу жұмысы сәуір айынан басталып кеткен. Өткізу мерзімі – қыркүйек айының басы. 

Аталмыш мектепте даму  мүмкіндігі шектелген 230 балаға педагог-психолог, мұғалім-дефектолог, тифлопедагог, сурдопедагог, мұғалім-логопед, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, емдік массаж жасайтын медбике мамандары тарапынан білікті, кешенді көмек көрсетілетін болады. Бұған дейін бұл орталық әр- түрлі мекемелерде, тар кабинеттерде қысылып-қымтырылып жұмыс істеп келген еді. Мектеп басшысы Галина  Күзетова келешекте бұл мектептің заманауи оңалту құралдарымен жабдықталып, білікті мамандармен толықтырылса, жүйелі түрде ауқымды жұмыс істейміз деп отыр. Білім беру мекемесінің жөндеу жұмысы соңғы 1-2 айда толық аяқталмақ. 
Жақсылық Мұқашұлы  бұдан әрі облыстық балалар шығармашылық орталығына ат басын бұрды. Түрлі өнерден  кәсіби білім беріп жатқан аталмыш мектептің дарынды балалары республикалық, тіпті, халықаралық сайыстардан  жүлдегер атанып, көпті тәнті етіп жүр. Биыл ғана өздерінің қырық жылдық мерейтойларын атап өткен мектепке бүгінгі күні жетіспейтіні – балаларды гастрольдік сапарларға алып шығатын автобустың жоқтығы. 
Орталық директоры Талғат Фардеев мұндай кездерде  сапарға автокөлік жалдап шығатындықтарын, бұл балалардың қауіпсіздігіне тиімсіз екенін алға тартты. Жақсылық Мұқашұлы бұл мәселені жан-жақты қарастырып, күзге қарай шешілетінін айтты. Сонымен қатар, бұрынғы балық зауытының жатақханасы – бүгінгі балалар емханасының да күрделі жөндеуден өтіп, ғимараттың жаңаруы керек екені айтылды.                                                                                              

Мақпал МЫСА
Қапшағай қаласы