ӘКІМ ЕСЕБІ: ТРАНСФОРМАТОР ҚАШАН ҚОРШАЛАДЫ?

Уақыты: 25.01.2019
Оқылды: 1457
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мұсабек ауылдық округінде халыққа есеп беру жиыны өтті. Округ әкімі Жандос Жұмағұлов баяндамасында атқарылған шаруаларды таныстырып шықты.

Соның ішінде ауылдың тұрғыны әрі «Жомарт жүрек» номинациясының иегері Қалибек Алпысбаев «Туған жер» бағдарламасы негізінде 9 млн. 400 мың теңгеге үш көшеге жарық шамдарын орнатып, халықтың алғысына бөленгендігін айта кету орынды. Осындай игі істердің жүзеге асқандығын баяндаған округ әкімі Жандос Елтайұлы 2019 жылғы жоспарларын атап өтті. Биыл Мұсабек ауылындағы клубты абаттандыру жұмысы басталмақ. Сондай-ақ, ауылдың жомарт жүрек жандары мал бордақылау алаңдарын, мешіт құрылысын қолға алмақ.

Бұл жұмыстардан ауыл азаматтарының ауызбіршілігі жарасқандығын байқаймыз. «Ауылына қарап азаматын таны» деген нақыл сөз осы Мұсабек ауылына қарата айтылғандай.

Жиын барысында ауыл ақсақалы Әбділда қажы Егізбайұлы бірнеше мәселені көтерді. Соның бірі – мектеп алдындағы трансформатор қоршауының жоқтығы. Бұл мәселеге қатысты «Аудандық электр желілері» ТАТЭК АҚ мекемесінің басшысы Тимур Кешуов ағымдағы жылы қоршау қойылатынын жеткізді.

Бүгінгі ел тынысын бағдарлайтын есеп беру жиыны өз деңгейінде өтті.

Диляра ҚҰРМАНЖАНҚЫЗЫ

Көксу ауданы