НҰРБАҚЫТ ТЕҢІЗБАЕВ: "СӨЗ ЕМЕС, ІСТІҢ ДӘУІРІ ТУДЫ"

Уақыты: 25.01.2019
Оқылды: 2033
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастармен кездесуін көрген кезде терең ойға қалдым. Жалындаған жастар өздерінің тың жобаларымен бөлісіп, Елбасының алдында жасындай жарқырады. Тәуелсіз Қазақстанның нағыз патриот азаматтары екенін айқын байқатты. Дәл осы тұста мен де Елбасымен кездескен күндерім есіме түсіп, бойыма күш-қуат қайта құйылғандай күй кештім. 

Президентпен кездесіп, оның айтқан әрбір сөзі әлі есімде, санамда үнемі жаңғырып тұрады. Сол кезде сенім артқаны намысымды жанып, әлемдік сында атой салуыма қанша рет септігі тиді десем артық айтпағаным. Әсіресе әлем, Олимпиада ойындарына барған қезде қазақ жастарының көзінде от ойнап, ұлтқа тән қайсарлық көрсетеді. Жеңіс тұғырында қол бұлғап, Мемлекет Туы желбірегенде мен Қазақ елінің қайсар ұлымын деп кеудеңді кересің. Бұл сенің өміріңдегі естен кетпес керемет қуанышты сәтің болғанымен, бойыңа үлкен жауапкершілікті артқаныңды жете сезінесің. Өйткені, сол сәттен бастап, сенің қолыңа қазақ халқының болашағы мен келешегінің, дамуы мен өркендеуінің қамшысын ұстағаныңды айқын байқайсың. Елің сенің арқаңнан қағып, сенім артты, сен оны ақтауға міндеттісің. 
 Міне, мен де сол күннен бастап, елдің намысын құлатпауға, ел мен Елбасы үмітін ақтауға тырыстым. Қолымнан не келеді? Мен қалай Қазақ- станды әлемге танытам деген жастың барлығы биылғы жастар жылындағы айтылған міндеттерге құлақ асып, іске кірісу керек. Елбасының әр сөзінде елдің болашағы жастардың қолында дегенді естиміз. Сол үшін де Жастар жылы жарияланды. Осы сәтті пайдаланып, жастарымыз барлық салада үздік атануға, жаңа тың жобаларды іске асыруға атсалысу қажет. 
Дәл осы тұста тағы бір рет өткен шаққа көз жүгіртіп көрейінші. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына аттанар сәтте Елбасының қабылдауында болдық. Қазақстанның үмітін арқалап бара жатқан қыз-жігіттерге ерекше ықылас білдіріп, құрмет көрсетті. Сол кезде Елбасы: «Бабалар аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік, енді осының тұрақты ұстап тұру сендердің қолдарыңда. Сендер жай ғана спортшы емес, ұлттың намысын жанып, мәртебесін көтеретін тұлғасыңдар. Әлемнің елшісі болған спорт деген сиқырлы өнерде үздігі атану деген үлкен мәртебе. Сендер сол мәртебеге қол жеткізулерің керек», – деді. Осы бірауыз сөз бізді қамшылағандай болды. Намыс отын оятып, Бейжіңде тер төктік. Үмітті ақтауға тырыстық. Тақым қысқан қазақ жанкүйерлерін жерге қаратпауға бел будық. Аспан асты елінің көгінде Көк Туымызды желбіретуге бар күшімізді салдық. Алпауыт мемлекеттердің көшбасшыларының алдында Елбасының мерейін өсіруге, Қазақ елінің абыройын асқақтатуға жан беріп, жан алыстық. Сенім ақталды, артқан жауапкершілікті орындап шықтық. Елдің Туы көтеріліп, күллі әлемді Қазақ даласына қараттық. Ол біздің мәңгілік есімізде сақталатын күн болып тарих бетіне жазылды. Елге келгесін де, Елбасы әрқайсымыздың қолымыздан алып, құшағына қысты. Бұл сол кездегі маған және менің замандастарыма артылған жүк еді. Біз оны көтере білдік. 
Ал бүгін ше? Ендігі менің іні-қарындастарым сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан үрдісті одан ары асыру керек. «Жастар – қоғамның қозғаушы күші», «Кемел келешек жастардың қолында» деген ұранды сөзбен айтып қана қоймай, іске көшетін кез жетті. Жастар форумында көптеген іні-қарындастарым өздерінің тың жобаларын айтып, Елбасының алдында ой бөлісті. Жаңа идеяларын көре отырып, шын мәнінде жастардың ел дамуына өлшеусіз үлес қосатынына сенім арттым. Жаңа технология, аграрлық сала, руханият, туризм саласы бойынша көрсеткен жобалары қазақтың кәдесіне жарайтын үздік жобалар деп есептеймін. Мұны байқаған Елбасы да жастарға бар мүмкіндікті жасап, Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Ең әуелі білімге мән берді. Қазақстанның кез келген қаласындағы жоғары оқу орындарының тым құрығанда біреуі Назарбаев университетімен иық тіресе алатындай болу керек екенін жеткізді. Сонымен қатар, «Жас маман» жобасын әзірлеуді тапсырды. Бұл жастар үшін ең керекті бағыт деп ойлаймын. Өздерінің кәсібін дөңгелентуге ашылған даңғыл жол деп айтсам да артық емес. Бүгінде жаңа технологияны қолдана отырып, жас ғалымдардың ойлап тапқан дүниелері қолданысқа еніп жатқанын көзіміз көріп жүр. 
Осындай жақсы жаңалықтардың одан ары қарқынды дамуына Жастар жылының септігі тиеді деп білемін. Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін!» деген өлеңі бүгінгі буынның басты ұранына айналып отыр. Олай болса, іске кірісейік, тәуелсіз қазақ елінің ұлтжанды жастары!

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ, 
Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері,
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы