ӘКІМ ЕСЕБІ: ҚАБІР МЕ, КАРЬЕР МЕ?

Уақыты: 31.01.2019
Оқылды: 1412
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Айнабұлақ ауылдық округінде есеп беру жиыны өтті. Шараға Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ қатысты.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес, округ әкімі Мәулен Бәзілов өткен жыл ауыл үшін жағымды жаңалықтар мен толағай табыстарға толы болғанын жеткізді. Артынша аудан басшысы Алмас Қабдулұлы өңір көлеміндегі атқарылған игі істер мен орындалуға тиісті міндеттерді кеңінен атап өтті.

Күн тәртібіндегі барлық мәселелер тыңдалып болған соң жұртшылық көкейде жүрген сауалдарын қойды. Ауыл тұрғыны Әлихан Сәмбетбаев: «Кезіндегі қабір орнына бүгінде карьер салынған. Бұл жоба кімнің рұқсатымен жүзеге асырылғандығын білмейміз. Бірақ жақында осы маңнан адамның сүйегі шықты. Бұл маңда балаларымыз бен немерелеріміз ойнағандықтан не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Сол себепті, осы жерді қоршау керек деп ойлаймын», – деген наразылығын әрі ұсынысын білдірді.

Бұл мәселеге аудан басшысы осы жерге екінші мәрте талдау жасалатынын жеткізіп, шешімін табуды аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы Мәди Карбаевқа тапсырды.

Ақсақалдар алқасының төрағасы Жетпісбай Айманбеков атқарылған іске көңілі толатындығын айтты. Ол: «Еңбек етсең, ел тілеуіңді береді, Теріңді төксең, жеріңе жер тілеуіңді береді» демекші, Рамазанов көшесіне құм төсеп, жолды қалпына келтіріп жатырсыздар. Жаңадан учаскелік пункт салынды. Осының барлығы ауыл халқы үшін жасалып жатыр. Оған қарапайым жұртшылық риза. Алғыстарын айтуда», - дей келе, басшылардың жылдық есебіне «қанағаттанарлық» деген баға берді.

«Көреген басшы елді өсіреді» дегендей, қарапайым халықтың аудан және округ әкіміне арнаған ұсыныс-тілектері жерде қалмайды деген сенімдеміз.

Диляра ЮСУПОВА

Айнабұлақ ауылы,

Көксу ауданы