МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ

Уақыты: 23.02.2019
Оқылды: 1966
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қапшағай қаласындағы орта мектеп-гимназиясында білім беру саласы қызметкерлері бас қосқан алқалы жиын өтті. Шараға ҚР Білім және ғылым министрлігінің, қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының өкілдері қатысты. Аталған жиынды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова ашып, жүргізіп отырды.

Мінберге көтерілген қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева баяндама жасады. Ол өз сөзінде атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Әсіресе, мұғалімдердің жалақысын көтеруге қатысты мәселелерді тілге тиек етіп, мемлекет және қоғам тарапынан жасалатын әлеуметтік қамқорлықтардың да қажет екенін ашып айтты. Өйткені, еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың болашағына тікелей байланысты. Сондықтан мұғалім мәртебесінің биік, беделінің жоғары болуы заңмен айқындалуы тиіс. 
А. Мұқашева салалық кәсіптік одақ тарапынан ұстаздардың құқығын қорғауда бірқатар нақты шаралардың жүзеге асқанын да нақты мысалдармен жеткізді. Бұл туралы ол: 
– Өткен жылы кәсіподақ ұйымдарының араласуымен республика бойынша жұмыстан дәлелсіз шеттетілген 44 мұғалім өз қызметіне қайта оралды. Сондай-ақ, 103 қызметкердің құқығы қорғалып, бірқатар кемшіліктердің беті ашылды. 300 миллионға жуық теңге қайта есептелді. Соның негізінде жалақылар қалпына келтірілді. Іссапарға төленбеген шығындар иесіне қайтарылды, – деді.
Жиын барысында қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді әріптестеріне ашып айтты. Қойылған сұрақтарға тұшымды жауап алынды. Алдағы уақытта «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы Парламентте қаралады. Басқосуда айтылған ұсыныс-пікірлер де ескерілмек. 
Арнайы құрылған жұмыс тобы бірқатар аудандарда болып, келелі жиындар өткізді.

Болат МӘЖИТ
Қапшағай қаласы