Өнерге әркімнің-ақ бар таласы

Уақыты: 18.03.2017
Оқылды: 2718
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында мүмкіндігі шектеулі жандардың мерейі тасыды. Бұлай дейтініміз мүгедек болса да мың мүмкіндікті игергендердің өнерлері ел алдына ұсынылып, халықтың қошеметіне бөленді. Қолдан келген өнерлерін ішке сақтамай, сыртқа шығарып, қоғамнан өзін бөлектемеуі үшін ортаға араласуы кембағалдар үшін шексіз қуаныш. Міне, осы шаттықты көріп, мүмкіндігі шектеулілердің жүрегіне жылылық сыйлау мақсатында облыстық «Жүректен-жүрекке» байқауы өтті. 

Адамды арман алға жетелейді. Алайда өнердің биік шыңын бағындырып, қалың жұртшылықты тамсандыру кез келген жанға бұйыра бермейтін бақ. Десек те, «Болмасаңда ұқсап бақ», – деп данышпан Абай айтпақшы, бүгінгі қоғамда бойына тәңір дарытқан дарынын шыңдап, шамасы келгенше сол өнерін көпшілікке паш  ететін адамдардың қарасы мол. Сондай жандардың қатарында таныла алмай жүрген мүмкіндігі шектеулі бауырларымыздың барын ұмытпайық. Яғни, олар да қоғамнан шеттелмей өз өнерін көпшілікке көрсетуді қалайды. Мұны біріміз білсек, енді біріміз бұған аса мән бермей жатамыз. Осыны ескерген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараның мәні бөлек, мағынасы ерек болды.   
Иә, шынтуайтында бүгінгі таңда еліміздің түпкір-түпкірінде, әсіресе шалғай ауыл-аймақтарда ерекше талант иелері бар. Жай ғана талант иесі емес, өзгеше тағдыры бар, бұл пәнидің бар қиындығын көріп, қайтпас қайсарлықпен жеңіп келе жатқан, өмірді шексіз сүйетін жандар. Олар шынайы әрі таза сезімдерін жүректен-жүрекке жеткізе біледі. Концерт барысында біз мұны анық аңғардық. Көрермендер ыстық ықылас танытып, дарынды жастардың өнерін жылы қабылдап жатты. Айта кетейік, бұл байқау осымен қатарынан бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Яғни, мұндағы басты мақсат – облысымызға қарасты шалғай аудан және қалалардағы мүмкіндігі шектеулі жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасау. Биылғы байқауға 70 үміткер ниет білдірген. Олар бес кезең бойынша яғни, спорттық, қолөнер, сурет өнері, сонымен қатар ән айтып, би билеуден бақтарын сынады. Нәтижесінде, «Спорт денсаулық кепілі» номинациясы бойынша Әділет Сейітжаппар, «Қолөнер» номинациясында Назерке Торпақова, «Би» номинациясында Елдар Ғаниев пен Аружан Үмбетжан және «Үй тапсырмасы» аталымында Іңкәр Нұржұман, «Ән» номинациясында Айзат Қасқырбай үздік деп танылды. Бұл қатысушылардың барлығы 10 мың теңге ақшалай сыйақымен марапатталса, жүлделі үшінші орын алған Талғар ауданы қатысушылары 100 мың, екінші орын иеленген Еңбекшіқазақ ауданының үміткерлері 120 мың, ал бірінші орынды ұтып алған Талдықорған қаласының өнер көрсетушілері 150 мың теңгелік ақшалай сертификаттармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздарда осы ақша көлемінде «Технодом» сауда үйіне барып кез келген зат сатып алуларына мүмкіндік бар. Одан бөлек, Қанат Нұғманов пен Башен Увалиеваға Алакөлде орналасқан «Асар» сауықтыру шипажайына арнайы жолдама берілді.

Құралбек СӘБИТОВ