Тамыр-таныстық жұмысқа орналасудың жолы емес

Уақыты: 22.05.2017
Оқылды: 1831
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Төрт жыл әке-шешем тапқан ақшаға оқу ақысын төледім. Осыдан диплом қолға тисін, бірден жұмысқа кіріп, ата-анама қарайласамын деп едім. Содан бері үш жыл өтті. Баяғы жартас сол жартас. Не үшін, кім үшін оқыдым, түсінбеймін? Жұмыс іздейтіндердің бәрі тамыр-танысқа жүгініп жатады. Қалтаң жұқа ма, «көкең» жоқ па, онда қиын. Қазір осылай, кейін не болар екенбіз?» – деп бастаған танысымның әңгімесі біраздан бері ойымнан кетпей қойды. Неге біз осындай төмен ойдың шеңберінен әлі күнге дейін шыға алмай жүрміз? Біз өзімізге емес, өзгеге көп сенгіш секілдіміз.

Төрт жылдық бакалавр, оған магистрлік білімді қосқанда білдей алты жылдық жоғары білімі бар азаматтар жұмыс таба алмай сандалып жүр десек, оның себебін тек өздерінен іздеу керек. Дегенмен, мойындау керек, жастардың көпшілігі жұмыс талғайды. Оларға ұсынылған ауыр жұмысты місе тұтпай, жалақысы көп, жайлы қызметке шіреніп отырғылары келеді. Қолға диплом алысымен біз міндетті түрде тамыр-таныстың есігін тақылдатып, табалдырығын тоздырып, жұмысқа кіру керек деп ойлаймыз. Неге осы біз таныссыз әрекет ете алмаймыз? Миымызға қасаң болып сіңіп келе жатқан арам ойға жоқ деп неге айта алмаймыз? Күндердің күнінде сіздің сенген танысыңыз қызметінен тайса қайтесіз? Сонда сіз не істейсіз, кімнің көмегіне жүгінесіз? Осы тұрғыда бір минут ойланып көріңізші. Істің соңында пара алғанның да, оны бергеннің де жағдайы белгілі.
Мысалы, сізді жұмысқа қабылдаушы ақша талап етсе, сұраған қаражатты қуана-қуана бермейтініңіз анық. Баласы үшін отқа жануға, суға батуға дайын әке-шеше соңғы малын сатса да тауып береді. Осының қайырын бір күн болмаса бір күні көрерсіз. Сол уақыт аралығында өзіңізді көрсете алсаңыз, ары қарай ісіңізді жалғастырасыз. Қолыңыздан келмесе жылы әрі жайлы орныңызды білімді, ақылды, парасатты маманға босатуға тура келеді. Кәдімгі роботтар секілді қозғалыс. Өз бетімізбен шешім қабылдап, өз күшімізбен жетістікке жету жолында жан алысып, жан берісіп қиналып жатқандар шамалы. Адам деген асыл атаққа ие жан екенімізді кей күндері ұмытып кететін секілдіміз осы біз.
Таяуда жастармен үлкен басқосу өтті. Түрлі пікір айтылды. Сонда бір ағамыз: «Қазақ жігіттері, қатты айтсам ренжімеңдер. Бірақ сендер жалқаусыңдар. Әке-шешенің тірнектеп тапқан табысына ортақтасып, үстілеріңе сәнді киім іліп, несиеге болса да қымбат телефон ұстап, шікірейіп жүргенді ғана жақсы көресіңдер. Барлығын бұл топқа жатқызбаймын. Бес саусақ тең еместігін естен шығармайық. Бірақ көпшілігіңді сараласақ өздерің-ақ осы тізімді толтырып шығасыңдар. Мысалы, өзіміздің өзбек ағайындарды алайықшы. Олардың небәрі жиырма жастағы бозбалалары бір жазда-ақ зәулім сарайдай үйді тұрғыза алады. Таңның атысынан, кештің батысына дейін бастаған ісі бітпейінше бел жазбайды. Сендердің қолдан үй салу келе ме? Баспана салмақ түгілі, шелектегі қоқысты аулаға шығаруға ерінесіңдер. Еңбектенудің жолын білмейсіңдер. Бір сәт ойланыңдар. Мұндай жүрістің соңы жақсылыққа апармайтынын қазірден түсініңдер», – дегенде көпшілік қол соқты. Ақиқат айтылды. Ұят та болса жиналғандар мойындады. Шынымен де, тепсе темір үзетін жастардың жұмыс жоқ деп шалқалап жатқаны, әрине, ұят.
– Кезінде жақсы болған иә? Оқу бітірсең болды, жұмысың дайын. Жұмысқа орналасқан соң баспанаңның да шаруасы шешіліп тұрады. Барлық жағдай жасалған. Тек жұмыс істесең болғаны. Қазір бәрі басқаша. Оқу бітіресің де екі қолды төбеге қойып, жұмыс іздейсің. Тапсаң бір бақыт. Таппасаң сорлап қара жұмыста жүресің. Тіпті, өмір сүру де қиындап кетті ғой», – деп өмірдің үнемі қара жолағын ғана көретін замандастардың, оның ішінде ер азаматтардың сөзі ашуға тиетіні рас. Әрине, қазір қимылдамасаң аш қаласың. «Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» деген мақал текке айтылмаған. Жақсы өмірді аңсайсың ба, еңбек ет. Мықты қызметкер болғың келсе, еңбек ет. Жұртқа жағымды, елге сыйлы болуды қаласаң, еңбек ет. Бұл тақырыптың қай қырынан келсек те, бәрібір еңбек деген тәтті сөзді айналып өту мүмкін емес. Ол – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.

 

– БАСТЫ МӘСЕЛЕ –
ЖҰМЫССЫЗДЫҚ. НЕГЕ? 
Уәлихан САЯХМЕТОВ, «У-Саяхмет» шаруа қожалығының басшысы:
– Бала күнімізде еңбектің ауыры мен жеңіліне мән бермейтінбіз. Әкеміз айтты ма, болды, біз үшін заң. Қазір ол талап керісінше. Жастар үшін жұмыс емес, жалақы маңызды. Суықты сезінбеген адам жылыны, қаттыны көрмеген жұмсақты қайдан білсін? Қазір ауылдың жағдайы өте жақсы. Алайда еңбекке араласатындар тым аз. Көпшілігі жан тыныштығын қалайды. Ауылды жерде мал қарауға жұмысшы таппай қаламыз. Жұмыссыз жүрген жастар жоқ емес, бар. Бірақ олар жандарын қинағысы келмейді. Бұдан шығатын қорытынды – жалқаулық деген індеттің етек алуы. Барлығы адамның өзіне байланысты. Мүмкін, үлкендер жағынан кеткен кемшілік те бар шығар. Жастарға  алтындай уақыт пен қажыр-қайрат бар кезде еңбек етіп, нан тауып қалыңдар дегім келеді. Ертең үшін бүгіннен іске кіріссеңдер деймін. 

– ЖҰМЫС ЖОҚ 
ДЕГЕН СЫЛТАУ МА?
Назерке САДЫҚОВА, «ChinaStudy» компаниясы маркетинг бөлімінің басшысы:
– Әрине, сылтау. Қазіргі заманда таныс-тамырсыз жұмысқа орналасуы мүмкін емес дейтін адамдармен мүлде келіспеймін. Әркімнің тағдыры өз қолында. Жақсы жерде қызмет еткің келе ме? Онда оқы, жан-жақты бол, көп ізден, жаңа техника-технологияға көңіл бөл. Ол ақылы емес. 2014 жылы Жетісу мемлекеттік университетінің журналистика мамандығын бітіріп, Алматы қаласына келдім. Диплом алмас бұрын ғаламтор арқылы уақытша жұмыс таптым. Үлкен қалада жүріп маған берілген мол мүмкіндіктің барын түсіндім. Содан басқа жұмыс іздеуге кірістім. «Vkontakte» желісінен танымал тележүргізуші Серік Ақышовты тауып алып: «Жас журналиспін, бірақ тәжірибем бар. Сіздерде бос орын бар ма?» –  деп жаздым. Бес  минут өтпей: «Маржан есімді қызға хабарлас» – деген жауап келді. Көршімнен қай қоғамдық көлікке отыратынымды, қай аялдамадан түсетінімді сұрап алдым. Продюсермен сұхбаттасып, келесі күні түсірілімге шықтым. Солай «Хабар» арнасындағы «Жаңа күн» бағдарламасына журналист-редактор болып орналастым. Екі  жылдан кейін дәл солай ешкімнің көмегінсіз «НeadHunter» арқылы қазақ-қытай компаниясына жұмысқа кірдім. 4 айдан кейін маркетинг бөлімінің басшысы етіп тағайындады. Сондықтан, таныссыз жұмысқа орналасуға болады деп нық сеніммен айта аламын.

Ес білгелі Абай атамыздың өлеңін жаттап, қырық бес қара сөзін санамызға тоқып өстік. Сонда айтылған әрбір сөздің мәні мен мағынасына бүгін тағы да бір зер салайықшы. Өмірінің соңына дейін қазақты жамандықтан арашалаған Құнанбайдың Абайы: 
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
 Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
    Өзіңе сен,  өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – деген сөзді өсиет етті емес пе? Олай болса, өмірімізге қажеттіні көңілімізге тоқып, көкейімізге түйіп алған артықтық етпесе керек.

Еңлік КЕНЕБАЕВА