ЖАУЫН-ШАШЫН: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ҮШ ЕЛДІ МЕКЕНІН СУ БАСТЫ

Уақыты: 09.02.2021
Оқылды: 891
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында ауа райы жылынып, жауын-шашын түсіп, қардың жаппай еруіне байланысты жеке тұрғын үйлердің аулаларын су басты. Бұл туралы "Жетісу" газеті Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Көңіл алаңдатқан ақпаратты аталған министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли ресми түрде жария етті. Оның деректеріне қарағанда, Алматы облысындағы Ескелді ауданының Ешкіөлмес және А.Алдабергенов ауылын, сондай-ақ, Көксу ауданының Талапты ауылын су басқан.

«8 ақпан күні түнде Алматы облысының ТЖД-ға 3 елді мекенде жеке тұрғын үйлердің 40 ауласы су астында қалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Алматы облысы ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері Ескелді ауданы Ешкіөлмес ауылындағы оқиға орнынан 10 адамды эвакуациялады және олар орта мектепке орналастырылды. Мотопомпалардың көмегімен су сорғытылды. ТЖД-да жедел штаб құрылып, жедел желі жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта арықтарды тереңдету, үйінді бөгет салу және еріген суды бұру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді ресми өкіл.

Ол келтірген деректерге қарағанда, су басқан жерлерде Алматы облысы ТЖД күштері мен құралдары, 67 қызметкер, 15 бірлік техника, 18 мотопомпа, жергілікті атқарушы органдардан 28 қызметкер, 5 бірлік техника және 5 бірлік мотопомпа, аудандық полициядан 7 қызметкер, 3 бірлік техника жұмылдырылды.

«ҚР ТЖМ азаматтардан су тасқыны қаупі бар кезеңде қауіпсіздік ережелерін сақтауды, аула аумақтарына іргелес арық желілерін қар мен қоқыстан уақытылы тазартуды сұрайды. Құтқару қызметінің бірыңғай телефоны 101 немесе 112», - деді ресми өкіл

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"