БАЛАҢЫЗ ӨЗІН-ӨЗІ БАҒАЛАЙ МА? ПСИХОЛОГ КЕҢЕСІНЕ КӨЗ ЖҮГІРТІҢІЗ

Уақыты: 12.02.2021
Оқылды: 1323
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бала өзін-өзі дұрыс бағалай білуі үшін алдымен сырттан бақылай алатын басқа адамдарға баға беріп үйренуі тиіс. Ал, бұл бірден іске аса қоймайды. Осы кезеңде өз құрбыларын бағалай отырып, бала ересектердің олар туралы айтқан пікірлерін қайталайды. Осы жағдай өзін-өзі бағалауда да байқалады.

Балалар көбіне басқалар айтқан сөздер арқылы өз-өзіне баға береді. Мәселен, "мен жақсымын, өйткені анам солай" немесе «мен нашар оқушымын, сыныптастарым солай айтты» деуі мүмкін.

Баланың басқа адамдарды, олардың істерін және қасиетін өз бетінше бағалауы бастапқыда оның осы адамдарға деген қарым-қатынас тәуелділігінен туындайды. Бұл жеке алғанда ертегілер мен әңгімелердегі кейіпкерлердің іс-әрекетін бағалауда байқалады. Жақсы, жағымды кейіпкердің кез-келген іс-әрекеті жақсы болып, ал жамандікі жаман болып бағаланады.

Өзін-өзі бағалау өзіндік сыйлау сезімінен, өз құндылықтарын және «менін» қалыптастырудан байқалады. Өзіндік бағалаудың төмен болуы өзін қабылдамауды, мойындамауды, жеке тұлғасына деген теріс көзқарасты көрсетеді.

Өзін-өзі бағалауды түсінуде шын «мен» бейнесі мен идеалды «мен» бейнесін салыстыру маңызды рөл атқарады. Шын «менмен» идеалды «меннің» тура келу деңгейінің жоғарылығы психикалық саулықтың маңызды көрсетікіші болып есептеледі. Идеалды «мен» бейнесі анықталған қасиеттерге кім жетсе, сол жоғары өзіндік бағалауға ие болады. Егер адам осы қасиеттер мен өзінің шын жетістіктерінің арасындағы айырмашылықты сезінсе, оның өзін-өзі бағалауы төмен деген сөз. Әдетте, ондай жандар өзін басқалар қалай бағаласа, солай бағалауға әуес келеді.

Ал өзін-өзі бағалау деңгейі жоғары адамдар өздеріне сенімді болады. Қандай істе де жеке шешім қабылдай алады. Түрлі қиындыққа тап келгенде өз шешімдерін қорғай әрі дәлелдей біледі. Өзіндік мақсаты мен құндылықтарын сезінеді. Өмірге деген көзқарастары ашық әрі көтеріңкі келеді. Басқаларды да өзімен тең көреді. Мадақтауды да, сынды да қабылдай алады. Айналасындағылардың бойындағы жақсы қасиетті бағалап, жан-жағына шуақ шаша біледі. Өзін-өзі бағалай білген адам өмірде көп жетістікке жетеді.

Айна МАМЫРБАЕВА,

№17 орта мектептің педагог-психологы

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан