ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ЖОСПАР ТОЛЫҚТЫРУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Уақыты: 13.02.2021
Оқылды: 2770
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу және дайындау жөніндегі комиссияның отырысын онлайн режимде өткізіп, айтулы датаға арналған жоспармен танысты. Аудан, қала әкімдері селекторлық режимде қатысқан жиында облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли баяндама жасап, биылға межеленген мерейтойлар мен іс-шараларды таныстырды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Баяндамашының айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына ауқымды жұмыстар межеленген. Атап айтқанда, облыста мерейтойлық шараны мерекелеу жөніндегі өңірлік комиссия құрылып, іс-шаралар және медиа жоспарлар бекітілген. Аудан, қала әкімдіктеріне арнайы тапсырма да берілген.

Жоспарға сәйкес Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай «30 қайырымды іс» қайырымдылық акциясын, «Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың дамуына қосқан үлесі», «Туған жерім – Қазақстан» конференциялары, «Біз – ел патриотымыз» атты жастар форумы, «Елбасының Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы дара жолы» республикалық конференциясы, Жақсылық Үшкемпіровтің 70 жылдығына арналған грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир, «Зерде» телевизиялық зияткерлік ойыны, «Тәңірден келген тәтті ұғым» республикалық ақындар айтысы, Халықаралық «JETİSÝ Эрон дрон» атты дрондар жарысы, республикалық «IQ ДОДА» зияткерлік ойыны, «Сонар – 2021» халықаралық құсбегілер турнирі, «Zeren – 2021. Тәуелсіздік ұрпақтары» облыстық жастар білім беру лагері, «JETISU – CREATIVITY DAYS» атты шығармашылық салалар бойынша халықаралық фестивалі ұйымдастырылады. Айтулы бағдарламалар бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталып, іс-шаралардың тізбегі жарияланады.

Баяндамашы келтірген мәліметтерді мұқият тыңдап шыққан Амандық Ғаббасұлы жасалған жоспарды әлі де толықтыру керектігін алға тартып, бір адамның ғұмырына тең келетін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік шаралардың қатарына ауқымды, салмақты, елді шынымен тебірентетін жайттарды қосуды тапсырды.

Әсіресе, аудан, қала әкімдеріне айтулы мерекені нақты жобалармен әсемдеп, нәтижелі жұмыс көрсеткішін ұсыну қажеттігін ескертті. Осыған орай орынбасары Рустам Әлиге Жетісу жеріндегі жұмыстардың жоспары толық дайын болған соң Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу және дайындау жөніндегі комиссияның отырысын қайта өткізуді міндеттеді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы