ЗАҢ ТАЛАБЫН ӨРЕСКЕЛ БҰЗҒАН 151 ШЕТЕЛДІК АЗАМАТ ЕЛДЕН ШЫҒАРЫЛДЫ

Уақыты: 13.02.2021
Оқылды: 1113
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының полицейлері «Мигрант» алдын алу шарасы аясында 400-ден астам заңбұзушылықты анықтады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облысының тәртіп сақшылары «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасын жүргізді. Арнайы шараның басты мақсаты – елімізге келген шетелдіктердің қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауын бақылау, тиісті рұқсатын беру және азаматтық алу ісіне қолдау көрсету.

- Бес күн ішінде еліміздің заңнамасын бұзудың 422 дерегі әшкере болды. Заң талаптарын өрескел бұзған 151 шетелдік азамат елден шығарылды. Жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 80 адам қабылдау-тарату орнына қамалды. Елімізде жүріп-тұру құқығы жоқ 13 ТМД (Тәуелсіз мемлекеттер достастығы) азаматы ел шекарасынан шығарылды, - дейді Алматы облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Елмұрат Нұрсейітов.

Жедел шара барысында полицейлер заңсыз көші-қон ұйымдастырудың 3 дерегін анықтаған. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, істің мән-жайы анықталып жатыр. Сонымен қатар, 183 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әртүрлі сомада айыппұл төлеуге міндеттелді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан