АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БІРНЕШЕ БАҒЫТТАҒЫ АВТОЖОЛДЫ ТҰМАН БАСТЫ

Уақыты: 15.02.2021
Оқылды: 986
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында қалың тұман салдарынан бірнеше бағыттағы автожолда қозғалыс шектелді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Атап айтқанда, жексенбі күні түнде Үшарал-Достық, (Ақши-Жалаңашкөл аралығы), Алматы-Ташкент-Термез (Ұзынағаш ауылынан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі аралық), Алматы-Өскемен (Талдықорған-Жансүгіров ауылы аралығы) бағытындағы жолдарда көліктердің жүруіне бірнеше сағатқа тыйым салынды. Аталған аумақтарда жолдың көрінуі қиындап, тұман басқан және кейбір жерлерде бұрқасын боран болған.

Төтенше жағдайлар департаменті қазіргі таңда ауа райының қалыпты болуына байланысты барлық бағыттағы жолдардың ашылғанын хабарлайды. Төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындардан үнемі ауа райын назарда ұстауды, ескерту хабарламаларын (СМС-пен келген, БАҚ-та жарияланған, әлеуметтік желілерге салынған) мұқият оқып шығуды сұрайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"