БАЛҚАШТА АҢШЫЛЫҚ ЖАСАҒАН ТҰРҒЫНҒА ЕКІ БАП БОЙЫНША ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 20.02.2021
Оқылды: 1211
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Балқаш ауданында заңсыз аңшылық жасаған тұрғынға екі әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Балқаш ауданының тұрғыны заңсыз аңшылық жасап жүрген кезде ұсталған. Табиғат қорғау полицейлері әкімшілік аумақты аралау кезінде 30 жастағы жігіттің қырғауылдарды еш рұқсатсыз атып жүргенін әшкерелеп, қылмыс үстінде қолға түсірген.

- Рейд барысында Балқаш ауданы, Аралтөбе маңында Ақжар ауылы тұрғынының ішкі істер органдарында тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтықпен аңшылық жасағаны анықталды. Оқиға орнында браконьер атып алған бірнеше құс пен қос ұңғылы мылтық тәркіленді. Дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 382-бабына сәйкес іс қозғалып, айыппұл салынды. Жергілікті тұрғынның мемлекетке келтірген материалдық шығыны есептелуде, - деді Балқаш аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Дәурен Құтпанов. Сонымен қатар, осы іс аясында полицейлер бірқатар сараптама тағайындады. Оның бірі – табылған қаруды тексеру үшін жүргізілетін баллистикалық сараптама.

- Құжатсыз және тіркеусіз мылтықты пайдаланғаны үшін тұрғынға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 482-бабы бойынша хаттама толтырылды. Сондай-ақ, баллистикалық сараптама арқылы біз қарудың шығу және пайдалану тарихын, қандай да бір қылмыстарға қатысы барын тексереміз. Тергеу аяқталған соң бұл қару жойылуға жіберіледі, - деп толықтырды полиция подполковнигі Дәурен Құтпанов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"