ТАЛДЫҚОРҒАНДА ӨНЕР ТАҚЫРЫБЫНДА ОНЛАЙН АПТАЛЫҚ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 22.02.2021
Оқылды: 2311
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлемді жайлаған пандемия қоғам өмірінің біраз саласына өзгеріс әкелді. Жаңа ережелер білім беру жүйесін де айналып өткен жоқ. Осындай ауыр кезеңде оқушылардың білім деңгейін ақсатпай, тиісті білім алуына жағдай жасау ең басты назарда тұрған мәселелердің бірі.

Бүгінде педагогтардың жауапкершілігі бірнеше есеге артты. Осыған дейін дәстүрлі форматта білім беріп келген ұстаздар қауымы енді жаңа форматқа көшті. Ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін меңгерген мұғалімдер енді оқытудың жаңа форматы – қашықтан білім бере бастады.

«Заманына қарай адамы» демекші, оқушылар да жаңашылдыққа тез бейімделді. Тек білім алып қана қоймай, қоғамдық іс-шараларға  да онлайн форматта қатысып, өз өнерлерін, жетістіктерін көрсетуде. Дәстүрлі оқу кезінде өткізілетін мектепішілік, қалалық, облыстық шаралардың барлығы онлайн форматта жалғасын тапқаны белгілі. Сондай шаралардың бірі – мектепте өткізілетін пән апталықтары.

Талдықорған қаласындағы №15 орта мектебінде «Өнер» тақырыбында музыка, сурет, көркем еңбек пәндері бірлестігі апталығы өтті. Аталмыш бірлестіктің пән мұғалімдері қашықтан оқу жағдайында оқушылардың өнерлерін көпшілікке ұсыну мақсатында түрлі тақырыптарға көрмелер, ашық сабақтар  ұйымдастырды.

Музыка пәнінің мұғалімі А.Ералының бастамасымен өнер бірлестігі апталығы салтанатты түрде ашылды. Оның аясында жоспарланған шараларды жүзеге асыру бағытында көркем еңбек пәнінің мұғалімдері – К.Даутбекова, А.Қапарұлы, А.Ашимова, Д.Қапасов, музыка пәнінің мұғалімдері – А.Ералы, Д.Әділбаева апта бойы оқушылармен тығыз байланыста жұмыс істеді.

Апталық аясында «Мен өнерлі баламын» тақырыбына  ән, би, күй және көркемсурет жанры бойынша  6-15 жас  аралығындағы оқушылар арасында  онлайн байқау өткізілді. Мұндай апталықтардың жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыру арқылы қажырлы, қайратты, өнерлі, білімді ұрпақ тәрбиелеуде рөлі орасан.

 «Мен өнерлі баламын» тақырыбына музыка пәнінің мұғалімі А.Ералы оқушылар арасында ән байқауын ұйымдастырып, жас таланттарды анықтады. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Қ.Даутбекова қыздар арасында қолөнер көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде қыздардың қолынан шыққан бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Музыка пәнінің мұғалімі Д.Әділбаева «Ұлы дала сал-серілері» тақырыбына ашық сабақ өткізді. Сабақ жоғары деңгейде өткізілді.

«Өнер – таусылмас азық» тақырыбында көркем еңбек пәнінің мұғалімі А.Ашимова көрме, мақал-мәтелдер сайысын ұйымдастырды. Онлайн форматта ұйымдастырылған сайыс оқушылардың қызығушылығын туғызды.

Көркем еңбек пәнінің мұғалімі А.Қапарұлы «Өнерлінің қолы алтын» тақырыбында оқушылармен қашықтан шебер сынып көрсетті. Сондай-ақ, «Өнер жас талғамайды» тақырыбына  5-сыныптар арасында онлайн суретшілер көрмесін ұйымдастырды.

Көркем еңбек пәнінің мұғалімі жас маман Д.Қапасов та шаралардан тыс қалған жоқ. Ол 5 «е» сыныбымен ZOOM платформасында «Создание изделия (цепочки, головоломки, фигурки)» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сонымен қатар, жас мұғалім өз шығармашылығынан сурет көрмесін ұйымдастырды. Бұл көрме сурет өнеріне қызығушылығы бар оқушылардың шабытын оятты.

Апталық соңында өткізілген іс-шаралар талқыланып, талданып, оның қорытындысы бойынша белсенділік танытқан мұғалімдер мен оқушылар марапаттарға ие болды.

А.ҮМБЕТАЛИЕВ,

«№15 орта мектебі» КММ көркем еңбек пәнінің мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан