ҰЙҒЫР АУДАНЫНДА 66 КЕЛІ ЗАҢСЫЗ АУЛАНҒАН БАЛЫҚ ТӘРКІЛЕНДІ

Уақыты: 24.02.2021
Оқылды: 970
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ұйғыр ауданының жергілікті полиция қызметінің өкілдері табиғат қорғау заңнамасы талаптарының сақталуын қадағалау бойынша жүргізген арнайы шара барысында Іле өзенінде заңсыз балық аулап жүрген екі адамды ұстады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, үрлемелі қайыққа мінген браконьерлерден 66 килограмм балық тәркіленді. Тексеру барысында балық аулаушылардың заңмен тыйым салынған ауды пайдаланғаны әшкереленген. Олардың қайығынан ақ амур, дөңмаңдай, ақ марқа, табан балықтары табылды. Қазіргі уақытта табиғат қорғаушылар мемлекетке келтірілген материалдық шығынды есептеуде.

- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Үрлемелі қайық, пластикалық ау мен балықтар тәркіленді. Кетпен ауылының екі тұрғыны мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Тергеу құпиялығына байланысты өзге ақпарат таратылмайды, - деді Ұйғыр ауданы табиғатты қорғау полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Саят Дәркенбаев.

Алдын ала тергеу барысында ұсталған адамның бірі – 1989 жылғы Өзбекстан Республикасының азаматы екені белгілі болды. Сотқа дейінгі тергеу барысында тәртіп сақшылары оның елімізге қашан және не себеппен келгенін, құжаттарының заңға сәйкестігін мұқият тексеретін болады. «Табиғат қорғау шаралары барысында жыл басынан бері ауданда 23 құқықбұзушылықты анықтадым. Оның 21 дерегі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұлдар салынды. Екі дерек бойынша қылмыстық заңнамаға сәйкес тергеу жүрді. Аудан тұрғындары мен қонақтарын қолданыстағы заң талаптарын қатаң сақтауға, табиғатты аялауға шақырамын!» - деп толықтырды полиция капитаны Саят Дәркенбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"