ОБЛЫС ТҰРҒЫНДАРЫ АЛҒЫС АЙТУ КҮНІН ҚАЛАЙ МЕРЕКЕЛЕЙДІ? БАСПАСӨЗ МӘЖІЛІСІ

Уақыты: 26.02.2021
Оқылды: 811
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Журналистер үйіндегі «Jetisy media» ақпараттық алаңында «Алматы облысында Алғыс айту күнін мерекелеу» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Оған облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Жандос Байқамитов қатысты. Спикер Қазақстандағы сыйластық пен  бауырмалдық этностар арасындағы  өзара түсіністікті бейнелейтінін айтты.

– Қазақстан қуғын-сүргіннен зардап шегіп, жер аударылған талай ұлт пен ұлыстарға ортақ үй бола білген. Сол қиын-қыстау жылдары қазақ халқы мұқтаж жандарға қол ұшын созып, мейірімділік, адамгершілік және адами жанашырлық танытты, болашақтарына үміт сыйлады, – деді ол.

Облыста Алғыс айту күнін мерекелеу «Туған елге мың алғыс!» атты жалпыұлттық челлендж эстафетадан басталады. Эстафетаның қатысушылары әлеуметтік желілерде өздерінің алғысын жариялап, бөліседі. Сондай-ақ, Қаратал ауданындағы Бастөбе тауының етегіндегі «Қазақ халқына мың алғыс!» монументінің жанында салтанатты митинг өтеді.

Мереке күні Талдықорған қаласының Оқушылар сарайында «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы аясында Алғыс айту күніне орай «Біз алғысқа бөленген елде тұрамыз!» атты форум өтеді.

Жандос Бауыржанұлының сөзінше, өңірде «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» марафоны басталмақшы. Акция халықтың әлеуметтік осал топтары, аз қамтылған азаматтар, көпбалалы және толық емес отбасыларына қолдау көрсетуге бағытталған.

Баспасөз мәслихатында журналистер спикерге акциялар өткізу барысында мұқтаж жандарға баспана әперу, балаларын оқыту сияқты ірі шаруалармен де шұғылданса деген ұсыныстарын айтты. Спикер ұтымды ойдың қолдау табатынын айтты.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Алматы облысы