БАЛҚАШ АУДАНЫНЫҢ ПОЛИЦИЯСЫ АЛМАТЫЛЫҚ ҰРЫНЫ ҚОЛҒА ТҮСІРДІ

Уақыты: 28.02.2021
Оқылды: 527
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Балқаш ауданының полицейлері ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен Алматы қаласының тұрғынын ұстады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Балқаш ауданының полициясына хабар берген газ мекемесінің өкілі белгісіз біреудің бірнеше электр құралдарын үптеп кеткенін айтқан. Ұрылар зардап шегушіге 230 мың теңге көлемінде материалдық шығын әкелген.

Тәртіп сақшылары қылмысқа қатысы бар күдіктіні анықтау шараларын жүргізіп, 1988 жылы туған Алматы қаласының тұрғынын ұстады.

- Бұлтартпас айғақтардан кейін күдікті қылмыс жасағанын мойындады. Қолды болған дәнекерлегіш құрал, тоқ генераторы және өзге де электр құралдары тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда, - деді Балқаш АПБ бастығының орынбасары, полиция майоры Айдар Амангелдиев.

Тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы барын тексеруде. Тергеу аяқталғанға дейін ол мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан