ОБЛЫСТАҒЫ МЕКТЕПТЕРДІҢ 91 ПАЙЫЗЫНДА ЖЫЛЫ ӘЖЕТХАНА БАР

Уақыты: 02.03.2021
Оқылды: 819
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында мектеп аулаларындағы әжетханаларының мәселесі толықтай шешілді деуге болады. Қазіргі кезде өңірдегі мектептердің 91,2 пайызы жылы әжетханалармен қамтамасыз етілген. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлады.

Күрделі жөндеу және құрылысы жүріп жатқан мектептерде тағы 17 әжетхананың мәселесі құрылыс аяқталғанда және биоәжетханалар орнату арқылы шешіледі. Бір жылдың ішінде 352 мектептің осындай санитарлық желісі жөндеуден өткен.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, облыста 760 мектеп бар. Бүгінгі күнге соның 743-і жылы әжетханамен қамтылған.

Мәселен, өткен жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде өңірде 352 мектептің санитарлық желісі жөндеуден өткізілген, сол қатарда Сарқан мектеп-интернатындағы мұндай жұмыстар жалпы сомасы 1,2 млрд. теңгеден астам қаржыға жасалды. Соның ішінде ең көбі Еңбекшіқазақ ауданында - 42, Кербұлақ ауданында - 35, Ақсу ауданында - 31, Кеген ауданында - 27, Алакөл ауданында - 26, Жамбыл және  Қаратал аудандарында – 25-тен, Ұйғыр және Ескелді аудандарында – 21-ден.

Қалған 17 мектеп әжетханасының мәселесі 10 мектептің ағымдағы және күрделі жөндеуі, Панфилов ауданы Басқұншы ауылындағы Қарасай ауданы Бұлақты, Долан ауылдарындағы, Көксу ауданы Қаратал ауылындағы 4 жаңа мектептің құрылысы және биоәжетханалар орнату арқылы шешіледі. Биылғы жылы мектеп әжетханаларының ағымдағы жөндеу жұмыстарына 16,8 млн. теңге бөлінген.

Еске салсақ, Алматы облысындағы әлеуметтік саланың мәселелерін шешуге бюджет шығыстарының 55 пайыздан астамы бағытталып отыр. Үш ауысымды мектептерді болдырмау мақсатында Үкіметтің көмегімен соңғы 5 жылда өңірде 27 мың орынды 49 мектеп салынған. Өткен жылы 7 мектеп іске қосылды, биылғы жылы 18 мектеп салынады. «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде 2021 жылы тағы 7 мектептің құрылысы басталады, соның 6-уы үш ауысымды мектепті жою мақсатында салынбақ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"